Құрылтай мен өңірлердегі өкілді органдар арасындағы байланысты күшейту мақсатында арнайы кеңес құру ұсынылды. Жаңа құрылым мәслихаттардың заң шығару процесіне қатысуын арттырып, жергілікті жерде қолданыстағы заңдардың орындалуына қатысты мәселелерді жүйелі түрде көтеруге мүмкіндік бермек.
Бұл бастама Құрылтайдың отырысында Өңірлік және инфрақұрылымдық даму комитетінің төрағасы Әмірбек Оспанбеков тарапынан ұсынылды.
Оның айтуынша, мәслихаттар өңір тұрғындарымен тікелей жұмыс істейтіндіктен, жергілікті жердегі нақты жағдайды жақсы біледі. Сондықтан олардың тәжірибесі мен ұсыныстарын заңнамалық шешімдер қабылдау кезінде ескеру маңызды.
Жоспарланып отырған кеңес мәслихаттардың заң жобаларын талқылауға қатысуына жағдай жасап, қабылданған заңдардың өңірлерде қалай жүзеге асырылып жатқанын бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіруге қатысты ұсыныстар әзірленеді.
Кеңестің негізгі бағыттарының бірі – заңнаманың іс жүзінде қолданылуын зерделеу. Өңірлерде заң нормаларын іске асыру кезінде кездесетін қиындықтар мәслихаттар арқылы жинақталып, талданады. Бұл өз кезегінде бірқатар өңірге ортақ мәселелерді анықтап, оларды заңнамалық тұрғыдан шешуге жол ашпақ.
Бұдан бөлек, жергілікті жерлерде қалыптасқан тиімді тәжірибелерді зерделеп, оларды басқа өңірлерде қолдану мәселесі де назарда болады.
Жұмысқа облыстық мәслихаттармен бірге аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттары да тартылуы мүмкін. Әлеуметтік сала, инфрақұрылым, бюджет және жергілікті басқару секілді бағыттар бойынша арнайы жұмыс топтарын құру жоспарланған.
Бұл топтарға Құрылтай мен мәслихат депутаттарынан бөлек, сарапшылар, мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және азаматтық қоғам өкілдері қатыса алады.
Ұсынысқа сәйкес, кеңес құрамына Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің мүшелері, мәслихаттармен жұмыс тәжірибесі бар депутаттар, саяси партиялар мен мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ облыстар, Астана және республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының төрағалары енгізілуі мүмкін.
Өңірлермен күнделікті байланысты арнайы хатшылық қамтамасыз етеді. Оның құрамына Құрылтайдың төрт депутаты кіріп, әр депутатқа бес өңірден бекіту көзделген. Хатшылық жергілікті өкілді органдардан келіп түсетін ұсыныстар мен мәселелерді жинақтап, олардың қаралу барысы туралы кері байланыс беріп отырады.
Ал ұсыныстарды сараптау және өңірлердегі жүйелі мәселелерді анықтау жұмысын Парламентаризм институты жүргізеді. Институт мәслихаттардан түскен ақпараттарды талдап, заңнаманы жетілдіруге қатысты ұсыныстар әзірлейді.
Осылайша, жаңа кеңес Құрылтай мен мәслихаттар арасында тұрақты диалог орнатып, заңдардың өңірлердегі нақты тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін алаңға айналмақ. Бұл жергілікті деңгейде туындайтын мәселелерді дер кезінде анықтап, оларды заңнамалық шешімдер арқылы реттеуге бағытталған.


