Қазақстанда мәдениет пен өнер саласының көрнекті өкілдерін ынталандыруға бағытталған жаңа мемлекеттік марапаттар енгізу ұсынылды. Құрылтай отырысында депутат Ләззат Жылқыбаева осыған қатысты заң жобасындағы өзгерістерді таныстырды.
Ұсынылып отырған бастамалардың қатарында қазақ музыкасына үлес қосқан азаматтарға берілетін «Шәмші Қалдаяқов» медалі және бейнелеу өнері саласының мамандарына арналған «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» құрметті атағы бар.
Жаңа медальды қазақ музыка мәдениетінің дамуына айрықша еңбек сіңірген тұлғаларға беру көзделіп отыр. Ал құрметті атақ кәсіби шеберлігімен танылып, Қазақстанның көркем мәдениетінің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан суретшілерге табысталмақ.
Депутаттың айтуынша, аталған бастамалар Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленген. Жаңа марапаттар шығармашылық сала өкілдерінің еңбегін мемлекеттік деңгейде мойындауға және мәдениет пен өнерді дамытуға серпін беруге бағытталған.
Заң жобасын талқылау барысында ұлттық мәдениетке қызмет етіп жүрген азаматтарды қолдаудың маңызы атап өтілді. Депутаттар ұсыныстарды қолдады.
«Шәмші Қалдаяқов» медалінің қазақ музыка өнеріне арналғаны да кездейсоқ емес. Шәмші Қалдаяқов – қазақ эстрадасының дамуына зор ықпал еткен композиторлардың бірі. Халық арасында ол «қазақ вальсінің королі» атанып, көптеген танымал әндердің авторы ретінде кеңінен белгілі болды.
Композитордың шығармалары арасында «Ана туралы жыр», «Ақ сұңқарым», «Қаракөз» сияқты әндер бар. Оның Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған «Менің Қазақстаным» шығармасы кейін елдің мемлекеттік әнұранының негізіне айналды.
Жаңа марапаттардың енгізілуі мәдениет пен өнер саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан шығармашылық өкілдерінің кәсіби еңбегін бағалаудың қосымша тетігі болмақ.


