Білім саласына енгізілетін өзгерістің бірі — жасанды интеллектті оқу үдерісіне енгізу. Қаладағы кейбір мектептер оқу жылының алғашқы күнінен интерактивті сабақтарды қолға алды. Мысалы, №89 IT мектеп-лицейінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Иммундық патруль» цифрлық білім беру платформасы қолданылып, ашық сабақ өтті.
Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өңдеген білім беру бағытындағы цифрлық платформа. Бағдарлама әлемнің 80-нен астам тіліне аударылған. Олардың қатарында қазақ және орыс тілдері де бар. Платформа 2024 жылдан бері Қазақстанның білім беру жүйесіне пилоттық жоба ретінде енгізілген, бүгінде 40 мектепке қосылды. Бағдарламада оқу материалдары ойын түрінде ұсынылған. Оқушылар шағын топтарға бөлініп, компьютерлерде жұмыс істейді.
ЖАНСҰЛУ ЕРУБАЕВА, БИОЛОГИЯ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ
Иммундық патрульда оқушы өзінің иммунитетімен қалай жұмыс жасау керек, оны қалай көтеру керек, вакцинацияның қаншалықты пайдасы бар екенін, одан ешқандай қорқудың қажеті жоқ екенін, вакцина қалай салынады деген сияқты егжей-тегжейлі зерттеп біліп шығады. Биология пәніне оң ісері- бұл жерде оқушы, оқушы рөлінде емес, зерттеуші рөлінде шығады. Олардың зерттеу дағдылары қалыптасты. Яғни, осы зерттеу дағдыларының арқасында оқушылар білім сапасы жоғары деңгейге шықты.
Оқу жылы басталар алдын дәл осы бағытта педагогтерге арналған төрт күндік сабақ өткізілген. Шымкент қаласындағы 80 мектептен биология, жаратылыстану және денсаулық мәселелері қамтылатын басқа да пәндерден сабақ беретін 90-нан астам мұғалім «Иммундық патруль» платформасының мүмкіндігімен танысты.
ИННА ГЛАЗЕБНАЯ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Мамандар педагогтерге интерактивті платформа арқылы балаларға вакцинаның қалай әсер ететінін және ағзада иммунитеттің қалай қалыптасатынын түсіндіру жолдарын көрсетті. Мақсат — вакцинация туралы ақпаратты құрғақ дәріс түрінде емес, оқушыларға қызықты әрі есте қаларлық форматта жеткізу. Интерактивті сабақ барысында балалар вакцина ағзаның ішінде қалай жұмыс істейтінін көріп, алған білімін ата-аналарына да түсіндіре алады. Бұл платформаны медицина мамандары да ата-аналарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде пайдаланбақ. Себебі ұжымдық иммунитет қалыптастыру — қоғамды түрлі аурулардан қорғаудың маңызды тетіктерінің бірі.
Интерактивті формат оқушылардың сабаққа белсенді қатысуына бағытталған. Олар түрлі тапсырмаларды орындап, жағдаяттарды талқылайды және топ болып шешім қабылдайды. Қазір бағдарлама аптасына бір рет енгізіліп, жылына 34 сағат көлемінде қосымша сабақ ретінде оқытылады.
Нұрай Жылқыбай

