1 қыркүйектен қала көшелерінде көлік кептелісі бұрынғыдан да күшейетіні белгілі. Нағыз қарбалас басталады. Қоғамдық көлікте баласын жетектеген ата-ана мен сөмкесін асынған оқушылар көбейеді. Балалар қоғамдық көлікте тегін жүре ала ма? Ол үшін қандай құжат қажет, жол жүру картасын қалай рәсімдейді?
Оқушының қоғамдық көлікте тегін жүргенін қаласаңыз, мына ережені есте сақтаңыз! Картаны рәсімдеу аздық етеді — әр сапар сайын оны автобустағы арнайы планшетке міндетті түрде басу керек. Тегін жол жүру үшін пластик картаны немесе виртуалды тарифті таңдауға болады. Бірақ екеуін қатар пайдалануға рұқсат жоқ.
Шымкенттік оқушылар 2025 жылдың 1 мамырынан бастап қоғамдық көлікте тегін жүреді. Бұл – елімізде алғаш рет Шымкент қаласында ғана қолға алынған бастама. Алайда жолақысыз жүргеннің өзінде әр жолаушы жүйеде есепке алынуы тиіс. Ол үшін AVTOBYS қосымшасында «Виртуалды тариф» мүмкіндігі қарастырылған. Яғни пластик картаны алғысы келмейтіндер тарифті смартфонына тегін енгізіп, қоғамдық көлікте пайдалана алады.
ДИНА ЕСІМХАНҚЫЗЫ, «SMART MOBILITY» ЖШС ДИРЕКТОР ОРЫНБАСАРЫ
Кейбір балалардың телефондары жоқ болады, кішкентай балалар болады. Сондай жағдайда біз көлік картасын ұсынамыз. Ол бізде 550 теңге тұрады. Қазан айынан бастап 800 теңгеге көтерілу үстінде. Біз оны барлық жерге хабарлап, айтып қойдық. Егер карта алған жағдайда, ол да міндетті түрде планшетке басылу керек.Ол бізге өте маңызды болып келеді. Себебі біз, оқушылардың, адамдардың санын шығаруымыз керек. Бұл автокөлік саласында өте маңызды рөлдердің бірі болып анықталады.
Пластик жол жүру картасын қаладағы арнайы пункттерден рәсімдеп алуға болады. Ол үшін көп құжаттың қажеті жоқ. Оқушының 3×4 форматтағы фотосуреті, туу туралы куәлігінің көшірмесі және мектептен берілген анықтама жеткілікті. Дәл қазір ол пункттерде ұзын-сонар кезек. Оқу жылы басталғанда ата-аналар балаларына көлік картасын жасатамын деп жаппай ағылып жатыр. Демалыста ешқайсысының қолы тимеген сыңайлы.
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Ата-аналарға үлкен проблема. Өйткені 1 ақ есік тұр. Мына жерде қаншама адам тұр. Азаннан бері 500 адам келсе, бір есікте бәрі сығылысып, көріп отырсыздар қандай екенін. Жақсылап жұмыс істеп ұйымдастыру керек. Ақыры картамен осындай нәрселерді істегеннен кейін, пунктті көбейту керек. 1 емес, 15-20 жерден ашса да аздық етпейді.
Айта кетейік, көлік картасы тек тұрғылықты мекенжайы Шымкент қаласында тіркелген оқушыларға беріледі. Ал қалаға өзге елдімекендерден қатынап оқитын балалар бұл жеңілдікті пайдалана алмайды.
Нұрай Жылқыбай

