Қазақстанда бопсалаудың 440-тан астам дерегі анықталды.
Елімізде жыл басынан бері ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 50 қылмыстық іс қозғалды. Ал 10 айда полиция 440-тан астам бопсалау фактісін анықтаған. Қылмыскерлердің құрбаны кәсіпкерлермен қатар мектеп оқушылары, студенттер. Қорқыту, қысым көрсету, ақша талап ету әрекеттері әсіресе жасөспірімдер арасында алаңдаушылық туғызады.
Бопсалаушылар көбіне қорқыту, күш қолдану, жеке мәліметтерді жариялау немесе түрлі айла-шарғы арқылы ақша талап етеді. Кей жағдайда балалар қысымға ұшырағанын ата-анасына немесе мұғалімдеріне айтуға қорқады. Олар мәселенің ушығуынан, кек алудан немесе өздерін кінәлі сезінуден қауіптенуі мүмкін.
Мұндай жағдайларда баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аудару маңызды. Тұйықталу, көңіл күйінің күрт төмендеуі, ақша сұраудың жиілеуі, телефонға алаңдаушылық немесе сабаққа барғысы келмеуі қысымның белгісі болуы ықтимал.
Мамандар бопсалау жағдайында үнсіз қалмауға кеңес береді. Қауіп төнген жағдайда сенімді ересек адамға хабарлап, құқық қорғау органдарына жүгіну қажет. Қорқыту мен ақша талап ету — жай ғана жанжал емес, заңмен жазаланатын қылмыс.


