Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың Түркістан облысына жұмыс сапары әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралауға ұласты. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірді дамыту бағытындағы жобалардың жай-күйін баяндады.
Осы сапарда Кентау қаласындағы №5 жылу электр орталығының жұмысы және жылу желілерін жаңғырту мәселелері қаралды. 1952 жылы пайдалануға берілген Кентау жылу электр орталығы – тұрғындарды, әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындарды жылумен қамтамасыз ететін негізгі мекеме. 2024 жылы №7-12 қазандықтар қайта жаңғыртылып, технологиялық үдерістерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі енгізілген. Сол жылдың желтоқсан айында ұзақ уақыт тоқтап тұрған ТГ-6 турбинасы қайта іске қосылды.
Қаланы жылумен жабдықтау жүйесінің сенімділігін арттыру үшін 14,5 шақырым магистральдық және 14,6 шақырым орамішілік жылу желілері қайта жаңғыртылуда. Магистральдық желілерді жаңғырту үшін қосымша қаржы қажет.
Түркістан қаласындағы заманауи медициналық нысандарды аралау алдымен 80 орындық №3 перинаталдық орталықтың жаңа ғимаратынан басталды. Жоба Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы екіжақты ынтымақтастық аясында «Абу-Даби» даму қорының қаржылай қолдауымен жүзеге асырылуда.
Кешен төрт блоктан тұрады, 30 орындық жүктілік патологиясы бөлімі, 50 орындық босанғаннан кейінгі бөлім, босану және операция залдары, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері, сондай-ақ шала туған нәрестелерді күтуге арналған орындар қарастырылған.
Құрылыс-монтаж жұмыстары 100 пайыз аяқталған. Медициналық жабдықтарды сатып алу екі кезеңмен жүргізіледі, бүгінгі қамтамасыз ету деңгейі 75 пайыз. Нысан желтоқсан айында пайдалануға беріледі, іске қосылғанда 70 жаңа жұмыс орны ашылады.
Түркістан қаласындағы 570 орындық көпбейінді аурухана жобасын YDA Group және BI Group компанияларының әрқайсысы 50 пайыз үлеспен құрған «ATM Turkestan Hospital» ЖШС жүзеге асыруда. Қазір аурухана құрылысының дайындық деңгейі 88 пайыз, мұнда 300 адам еңбек етуде.
Нұрлыбек Нәлібаев Түркістанның әкімшілік-іскерлік орталығында салынған 26 тұрғын үйді көрді. Жоба аясында бес қабатты үйлер бой көтерген. Құрылысына 28,2 млрд теңге бөлініп, өткен жылы шілдеде басталып, биылғы мамырда аяқталған. Тұрғын үйлерде 1 039 пәтер бар, 260-ы – бір бөлмелі, 519-ы – екі бөлмелі, 260-ы – үш бөлмелі.
Сапар қорытындысында жауапты басшыларға құрылыс сапасы мен мерзіміне, Кентау қаласының жылу желілерін жаңғырту қаржысын шешуге, медициналық, әлеуметтік инфрақұрылым жобаларына қатысты тапсырмалар жүктелді.


