Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты соттың соңғы отырысында шиеленіс пен толқыныс қатар өрбіді.
Атышулы іс бойынша сот шешімін екі тарап та, журналистер мен қорғаушылар да тағатсыздана күтті. Бір қызығы, сот процесі басталмай тұрып, бірқатар пабликтерде үкім жарияланып кеткен. Сот шешімімен Шерхан Аймахан үш бап бойынша кінәлі деп танылды.
САМИДИН ТЕМИРАЛИЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН АУДАНАРАЛЫҚ СОТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
«Шерхан Әлмаханұлы Аймахан Қылмыстық кодекстің 125-1-бабының 1-бөлігінде, 115-1-бабында және 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. Оған 125-1-баптың 1-бөлігі бойынша 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, 115-1-бабы бойынша 200 сағат қоғамдық жұмысқа тарту және 99-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын».
Алайда сотталған тарап үкіммен келіспейтінін мәлімдеді. Адвокаттың пікірінше, Шерхан Аймаханның әрекетіне тым ауыр құқықтық баға берілген. Осыған байланысты қорғау тарапы апелляциялық шағым түсірмек.
«115-1-бап бойынша ол 5 қазаннан кейін қарым-қатынасты қайта жандандыруға тырысқан. Ал 99-баптың 2-бөлігінің 5-тармағымен келіспейміз. Менің пікірімше, бұл жерде 99-баптың 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық бойынша жаза тағайындалуы керек еді», — деді Шерхан Аймаханның адвокаты Есболат Құрманбаев.
Нұрай Серікбайдың отбасы үшін бұл күн орны толмас қайғыны қайта қозғаған сәт болды. Перзентінен айырылған ананың жанайқайы сот залындағылардың жүрегін ауыртты.
«Өмір бойына шықпауы керек. Мен бұдан басқа жаза жоқ деп ойлаймын, бірақ ол жазаға да лайықты емес. Себебі ол өмір сүреді…»,-деді Нұрай Серікбайдың анасы Айгүл Сағымбекова.
Сегіз ай бойы күрескен ата-ана мен бауырлары үшін материалдық өтемақы басты мәселе емес. Олар ең алдымен кінәлінің өмір бойына бас бостандығынан айырылуын талап еткен.
«Иә, келісеміз, бәрі дұрыс. Өйткені сегіз айдан бері еңбегіміз осы, мақсатымыз осы болды. Біз өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын жайдан-жай сұраған жоқпыз. Барлық заңды дәлелдерімізді ұсындық. Сот барлығын толық қарап шықты. Іс үш бап бойынша тіркелді: 125, 115 және 99-баптың 2-бөлігі. 99-баптың 2-бөлігінде 25 жыл немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сот осы шешімді қабылдады. Біз оған ризамыз. Бірақ бұл әлі соңғы нүкте емес. Өйткені апелляция және кейінгі сот сатылары бар»,-деді Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай.
«Иә, аяғына дейін барамыз. Бірақ бұл жерде материалдық шығын біз үшін аса маңызды емес. Бізге ең бастысы — өмір бойына бас бостандығынан айыру. Өйткені, өзім айтқандай, адамның құны ақшамен өлшенбейді».
Жәбірленуші тараптың қорғаушысы Аянхан Омаров та төрағалық етуші судьяның шешімін әділ деп санайды. Оның айтуынша, құқықтық күрес мұнымен аяқталмайды және іс жоғары тұрған сот сатыларында жалғасуы мүмкін.
«Үкіммен қазіргі таңда толық келісеміз. Төрағалық етуші судья Төмірәлиев істі объективті, толық әрі жан-жақты қарап, ар-ожданы мен ішкі түйсігіне сүйене отырып, әділ үкім шығарды деп санаймын. Бірақ үкім әлі толық заңды күшіне енген жоқ. Алда 15 күндік мерзім бар. Осы уақыт ішінде сотталған Шерхан Аймаханның өзі немесе оның қорғаушылары апелляциялық шағым бере алады. Мен бұл істі соңына дейін жалғастыра беремін. Апелляциялық сатыға да қатысамын. Әділдік орнауы үшін бар күш-жігерімді саламын»,-деді адвокат Аянхан Омаров.
Сот үкімі заңда белгіленген тәртіппен 15 күн өткеннен кейін заңды күшіне енеді, егер оған апелляциялық шағым берілмесе.
Саят Айдосұлы

