Құрылтай ветеринария саласына қатысты заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Депутаттардың бастамасымен әзірленген құжат ветеринариялық қызметтің сапасын арттыруды, мамандарды әлеуметтік қолдауды және жануарлар ауруларының алдын алу жүйесін жетілдіруді көздейді.
Ветеринарларға қандай қолдау көрсетіледі?
Заң жобасында ветеринария мамандарына бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Атап айтқанда, оларға жыл сайын ақылы еңбек демалысы беріліп, емделуге және сауықтыруға арналған жәрдемақы кемінде екі лауазымдық жалақы мөлшерінде төленеді.
Сонымен қатар ғылыми дәрежесі бар ветеринар мамандарға негізгі жұмыс орны бойынша ай сайын қосымша ақы белгілеу ұсынылып отыр. Ғылым кандидаттарына 17 АЕК, ал ғылым докторларына 34 АЕК көлемінде үстемеақы төлеу көзделген.
Бұдан бөлек, ветеринар дәрігерлердің кәсіби құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында ветеринариялық палата құрылады. Ол мамандардың есебін жүргізіп, біліктілігін арттыруға ықпал етеді.
Мал иелеріне жаңа міндеттер жүктеледі
Заң жобасы ветеринария саласындағы қызмет субъектілерінің жауапкершілігін де күшейтеді. Енді мал шаруашылығымен айналысатын жеке және заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы жануарларын өз қаражаты есебінен бірдейлендіруге міндеттеледі. Сондай-ақ штатында ветеринар дәрігер ұстауы немесе тиісті маманды жұмысқа тартуы қажет болады.
Жануарларды сату, сою, бірдейлендіру құралдарының жоғалуы немесе бүлінуі туралы белгіленген мерзімде хабарлау талаптары енгізіледі. Карантиннен өткен жануарларды бөлек ұстау және ветеринариялық құжаттарды есептен шығару тәртібі де нақтыланады.
Сонымен қатар сатуға және қоғамдық тамақтану орындарында пайдалануға арналған жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатқа, ветеринариялық препараттар мен жемшөпке міндетті таңбалау талабы енгізіледі.
Мал союға қатысты талаптар күшейтіледі
Заң жобасындағы маңызды өзгерістердің бірі – мал сою орындарына қойылатын талаптарды қайта қарау. Ауыл шаруашылығы жануарларын союға рұқсат етілген орындардың қатарынан сою алаңдарын алып тастау ұсынылып отыр.
Етін қоғамдық тамақтандыру орындарына жеткізу жоспарланған жануарлар тек арнайы сою нысандарында сойылуы тиіс. Сондай-ақ ветеринариялық-санитариялық сараптамадан өтпеген және сою алдындағы тексеруден өткізілмеген өнімдерді қоғамдық тамақтану орындарында пайдалануға жол берілмейді.
Бұдан бөлек, өнім беретін жануарларға өсу стимуляторлары мен адамдарды емдеуге арналған антибиотиктерді қолдануға тыйым салу көзделген.
Аса қауіпті жануарлар ауруына күдік туындаған жағдайда түпкілікті диагноз қойылғанға немесе карантин енгізілгенге дейін жануарларды оқшаулау, тасымалдау, дайындау және сою жұмыстары уақытша тоқтатылуы мүмкін. Заң талаптарын бұза отырып тасымалданған жануарлар мен ветеринариялық бақылау объектілерін алып қою тетігі де қарастырылған.
Ветеринария саласына бірыңғай цифрлық жүйе енгізіледі
Мемлекеттік бақылауды жетілдіру үшін ветеринария саласында бірыңғай цифрлық жүйе құру ұсынылып отыр. Онда ветеринариялық қызмет субъектілері, нысандар, жүргізілген шаралар және жануарлар туралы мәліметтер жинақталады.
Бұл жүйе жануарларды есепке алуды, олардың қозғалысын бақылауды және ветеринариялық қызметтер арасында ақпарат алмасуды жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ветеринариялық препараттардың айналымын бақылау үшін фармацевтикалық инспекция құрылады. Жаңа құрылым препараттардың қауіпсіздігіне фармакологиялық қадағалау жүргізіп, өндіруші кәсіпорындарға сәйкестік сертификаттарын беретін болады.
Әкімдіктер мен ветеринариялық қызметтердің міндеттері бөлінеді
Заң жобасында мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу де қарастырылған.
Жергілікті атқарушы органдар қан алу жүйелерін мемлекеттік сатып алуға жауапты болады. Ал аудандық деңгейдегі және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне мал қорымдары мен сою пункттерін салу, қайта жаңғырту және күтіп ұстау міндеттері жүктеледі.
Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ ветеринариялық препараттарды сатып алу, сақтау, тасымалдау және пайдалану жұмыстарын атқарады. Сондай-ақ тәркіленген және жойылған ауру жануарлар мен адам денсаулығына қауіп төндіретін өнімдердің құнын иелеріне өтеу міндеті де осы құрылымға беріледі.
Ал Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің өкілеттігі кеңейтіледі. Комитет эпизоотиялық ошақтарды тексеру, ветеринариялық-санитариялық сараптама қызметін лицензиялау және ветеринария саласындағы кәсіпкерлік қызметке қатысты хабарламаларды қабылдау жұмыстарын жүргізеді.
Бұған қоса, Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық жануарлар аурулары қоздырғыштарының микробқа қарсы препараттарға төзімділігін анықтау, диагностика жұмыстарын әдістемелік сүйемелдеу және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы міндеттерді атқарады.
Жалпы, заң жобасы ветеринария саласындағы әлеуметтік қолдауды күшейтуге, мемлекеттік бақылауды жетілдіруге, мал шаруашылығындағы жауапкершілікті арттыруға және ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.


