Түркістан – жаңару мен өрлеудің, ұлттық рух пен заманауи сәулеттің алтын бесігі! Осы ұлы көштің алғы шебінде, халық пен биліктің арасында сенімді көпір болып, аймақтың дамуына серпін берген азаматтардың бірі – Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әлмаханұлы Әбіш!
Нұралы Әлмаханұлы Әбішов 2023 жылдың наурыз айынан бастап Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы қызметін абыроймен атқарып келеді. Осы уақыт ішінде, яғни сегізінші шақырылымнан бастап оның тікелей басшылығымен 27 сессия өткізілді, 365 маңызды шешім қабылданды. Бұл тарихи шешімдердің әрбірі облыстың аудандары мен қалаларының дамуына оң өзгерістер мен жаңа леп алып келді.
Нұралы Әлмаханұлы төрағалық еткен жылдары Түркістан қаласының терең тарихы мен рухани құндылығын айшықтайтын бірқатар нысандар, қасиетті қаланың бойтұмарына айналатын көптеген орындар бой көтерді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағаның тың бастамаларын үнемі қолдап, ұсыныстары іс жүзінде айтарлықтай нәтиже беріп келеді. Бұл нысандардың инфрақұрылымын дамыту мәслихаттың үнемі басты назарында болды.
Өңірдің көлік әлеуетін арттыру мақсатында Сарыағаш қаласын айналып өтетін, құны 204 миллиард теңгені құрайтын, ұзындығы 102,6 шақырымдық алып төрт жолақты автожол құрылысы басталды! Ол тәулігіне 13 жарым мың көлікті өткізуге қауқарлы. Мәслихаттың сегізінші шақырылымында Нұралы Әлмаханұлы бастаған халық қалаулылары осы стратегиялық маңызы үлкен жобаны бекітіп, қолдады.
Сондай-ақ, Нұралы Әлмаханұлының өкімімен құрылған уақытша депутаттық комиссияның бастамасымен «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің де құрылысы жүргізілуде. Нұралы Әбішов Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы халықаралық маңызы бар «Жібек жолы» кеден бекетін жаңғырту жұмыстарын өткен шақырылымда депутат ретінде өз бақылауына алды.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы мен өндірістік әлеуетті арттыру бағытында бірқатар нақты жобалар жүзеге асты. Олардың бірі — Шардара ауданында жылына 150 мың тонна жүгері өңдейтін «Казкрахмал» зауытының құрылысы толық аяқталды. Жүйелі реформалардың арқасында Түркістан облысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 1,2 триллион теңгеге жетті. Өңірде шикізатты өңдеу мен өндірісті қуаттандыруға бағытталған мақта-тоқыма, жүгері және ет кластерлерін дамыту жобалары сәтті іске асты. Аймақ экономикасын өрлетіп, жаңа жұмыс орындарын ашатын ірі инвестициялық кәсіпорындарының іске қосылуына толық жағдай жасалды. Осы ауқымды инвестициялық жобалардың нәтижесінде облыс бойынша 23 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылып, халықтың әл-ауқаты артты. Осы тындырымды тірліктің жоспарланып, жүзеге асуына да Нұралы Әлмаханұлы сүбелі үлесін қосты.
Нұралы Әлмаханұлы Әбішов пен облыстық мәслихат депутаттары облыс әкімдігімен бірлесе отырып, Түркістан облысын қолайлы, қауіпсіз әрі гүлденген өңірге айналдыру жолында еңбек етуді өңір азаматы ретінде өз парызы санайды. Жүйелі жұмыстар жалғасын таба бермек.
Четверг, 26 ноября


