Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді жасанды интеллект көмегімен көрсету аясы кеңейтіледі. Жыл соңына дейін eGov GPT платформасы арқылы ең көп сұранысқа ие 150 мемлекеттік қызметті іске қосу жоспарланып отыр.
Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазір eGov GPT арқылы 51 мемлекеттік қызмет қолжетімді. Ал жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 150-ге жеткізу көзделген. Жаңа қызметтер мемлекеттік қызметтердің жалпы трафигінің шамамен 80%-ын қамтымақ.
Сонымен қатар e-Otinish жүйесінде жасанды интеллект көмегімен 3,2 миллионнан астам өтініш өңделген. Ал «Әлеуметтік әмиян» жобасы 3 миллион пайдаланушыны қамтып отыр.
Мемлекеттік қызмет көрсету орталықтарын цифрлық кеңселерге айналдыру жұмыстары да жалғасуда. Қазіргі уақытта төрт өңірде бес цифрлық кеңсе жұмыс істейді. Мұндай кеңселерде азаматтар eGov GPT цифрлық көмекшісі орнатылған арнайы терминалдар арқылы қызметтерді өз бетінше ала алады.
Жоспарға сәйкес, 2028 жылға қарай жасанды интеллект негізіндегі мемлекеттік қызметтердің үлесін 40%-ға жеткізу, ал 2029 жылға қарай қызмет алу уақытын екі есеге қысқарту көзделген.


