Реновация саласындағы жаңа тетік азаматтардың құқықтарын қорғап, жобаларға инвесторларды тартуға мүмкіндік береді.
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаев пен «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Исламбек Қайырбеков тұрғын үй қорын реновациялау саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Реновация аясында қалалық инфрақұрылымды жаңғыртуға, инженерлік желілерді жаңартуға, қоғамдық кеңістіктерді дамытуға және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде.
2029 жылға дейін шамамен 40 мың меншік иесін жаңа тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін Жер кодексіне, Құрылыс кодексіне және басқа да бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілді. Әкімдіктер реновацияға жататын тұрғын үйлердің тізімін қалыптастырып, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын өзектендіру жұмыстарын жүргізуде.
Биыл елімізде 224 көппәтерлі тұрғын үйді сүріп тастау жоспарланған, оның ішінде 44 үйдің демонтаж жұмыстары аяқталған.
«Реновация саласында тұрғын үй құрылысының Бірыңғай операторының кепілдіктеріне негізделген жаңа нарықтық тетік енгізілді. Бұл тетік жеке инвестицияларды тартуға, тұрғындардың құқықтарын қорғауға және мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайтуға жол ашады. Кепілдік тетігі тұрғындардың құқықтарын «бөлмеге – бөлме» қағидаты бойынша қорғайды, құрылыс салушыларға кепілдік алуға мүмкіндік береді, инвесторлардың сенімін арттырып, реновация жобаларына жеке инвестициялардың тартылуына ықпал етеді»,– деді Қанат Мыңбаев.
«Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Исламбек Қайырбеков салынып жатқан, ҚТҮК кепілдігі берілген тұрғын үйлерден баспана сатып алуға мүмкіндік беретін «Орда Аймақ» ипотекалық бағдарламасы туралы айтты. Бағдарлама шарттарына сәйкес сыйақы мөлшерлемесі – 15,9%, бастапқы жарна – 20%-дан бастап, несие мерзімі – 20 жылға дейін; қарыз сомасы – 75 млн теңгеге дейін. ҚТҮК кепілдігі сатып алушылардың қаражатының сақталуын қамтамасыз етеді және құрылыс салушыда қандай да бір қиындықтар туындаған жағдайда да құрылыс жұмыстарының аяқталуына кепілдік береді.


