Қазақстанда 1 қазаннан бастап азаматтардың онлайн тұтынушылық несие алу тәртібіне жаңа талаптар енгізіледі. Өзгерістердің негізгі мақсаты – алаяқтардың ықпалымен несие рәсімдеу жағдайларының алдын алу және қарыз алушының шешімді саналы түрде қабылдауына мүмкіндік беру.
Жаңа ережеге сәйкес, кепілмен қамтамасыз етілмеген тұтынушылық банктік несиені интернет арқылы рәсімдейтін жеке тұлғаларға банк арнайы сауалнама ұсынады. Оны несие шарты жасалғанға дейін толтыру қажет.
Сауалнама арқылы банк клиенттің несие алуға өз еркімен жүгінгенін және бөгде адамның ықпалы жоқ екенін анықтайды.
Атап айтқанда, азаматтан несиені кім ұсынғаны, қандай мақсатта алатыны және банкке өз бастамасымен келген-келмегені сұралады. Сонымен бірге клиент несие сомасы, оның мерзімі, сыйақы мөлшерлемесі мен төлем кестесі туралы ақпаратпен танысқанын растауы тиіс.
Бұдан бөлек, сауалнамада азаматқа біреудің қысым көрсетіп отырғаны, несиені асығыс рәсімдеуге мәжбүрлегені немесе қарыз алғанын жақындары мен банк қызметкерлерінен жасыруды ұсынғаны туралы сұрақтар болады.
Сондай-ақ бұған дейін өзін банк қауіпсіздік қызметінің немесе полицияның қызметкері ретінде таныстырған адамдардың қоңырау шалғаны, шоттағы ақшаны «қорғау» үшін несие алуды немесе қаражатты «қауіпсіз шотқа» аударуды талап еткені сияқты жағдайлар да тексеріледі.
Егер жауаптардан алаяқтық әрекеттің белгілері байқалса немесе клиенттің басқа адамдардың ықпалымен әрекет еткені анықталса, банк қосымша тексеру жүргізеді.
Бұл кезде қаржы ұйымы азаматқа туындауы мүмкін қауіптерді түсіндіріп, қосымша ақпарат беруге тиіс.
Тексеруден кейін банк:
- несие шартын жасай алады;
- жағдай толық анықталғанға дейін рәсімдеуді уақытша тоқтата алады;
- несие беруден бас тарта алады.
Қайта қаржыландыру кезінде ақша бұрынғы кредиторға жіберіледі
Жаңа талаптар басқа банктегі немесе МҚҰ-дағы қарызды қайта қаржыландыру рәсіміне де қатысты.
Егер азамат бұрынғы қарызын өтеу үшін жаңа банктен несие алса, қайта қаржыландыруға арналған қаражат тікелей алғашқы кредитордың шотына аударылады. Ол үшін қарыз алушының келісімі қажет.
Келісімде қандай несие немесе микрокредит өтелетіні көрсетіледі. Сонымен қатар жаңа несие шартында қаражат түсетін бұрынғы кредитордың шоты міндетті түрде жазылады.
Бұл ақшаны қарыз алушының басқа шотына аударуға жол берілмейді. Төлем кезінде клиенттің аты-жөні, ЖСН-і және өтелетін қарыз шарттарының деректері көрсетіледі.
Қайта қаржыландыру қаражаты түскеннен кейін бұрынғы кредитор берешекті бес жұмыс күні ішінде өтеуі қажет.
Бұл үшін клиенттен қарызды мерзімінен бұрын жабу туралы бөлек өтініш талап етілмейді. Егер жаңа банктен түскен қаражат бұрынғы қарызды толық жабуға жетпесе, қолда бар сома көлемінде берешектің бір бөлігі мерзімінен бұрын өтеледі.
Қарыздың толық немесе ішінара жабылғаны туралы ақпарат клиентке белгіленген тәртіппен, соның ішінде мобильді қосымша арқылы хабарланады. Хабарламада қалған берешек негізгі қарыз, сыйақы және тұрақсыздық айыбы бойынша бөлек көрсетіледі.
Тағы бір өзгеріс 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіледі. Осы күннен бастап қолданыстағы құжаттарда «банк омбудсманы» атауы «қаржы омбудсманы» деген терминмен ауыстырылады.
Бұл өзгеріс банктердің ресми сайттарындағы ақпаратқа, несие шарттарына, клиенттерге берілетін түсіндірмелерге және мерзімі өткен берешек туралы хабарламаларға да қатысты болады.
Осылайша, 1 қазаннан бастап онлайн несие рәсімдейтін азаматтарға қосымша қауіпсіздік сауалнамасы енгізіліп, басқа ұйымдағы қарызды қайта қаржыландырудың нақты тәртібі белгіленеді. Ал қаржы омбудсманына қатысты атау мен құжаттарға енгізілетін өзгерістер 2027 жылдан бастап қолданысқа енеді.


