Шымкенттің Shymkent City шағынауданында заманауи медициналық нысанның құрылысы басталды. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып, медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Құрылыс басталған аумақта капсула салу рәсімі өтіп, оған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.
Жаңа медициналық мекеме бір ауысымда 500 адамды қабылдай алады. Емхана 30 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетіп, ересектер мен балаларға арналған бөлімдерді қамтиды. Сонымен қатар әйелдер консультациясы және отбасылық денсаулық орталығы жұмыс істейді.
Нысанда диагностика мен емдеуге арналған заманауи мүмкіндіктер қарастырылған. Мұнда клиникалық-диагностикалық зертхана, рентген кабинеті, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография, маммография және эндоскопия бөлімдері болады. Шұғыл қабылдау қызметі де ұйымдастырылады.
Медициналық мекемеде 20 орындық күндізгі стационар, амбулаториялық хирургия орталығы, оңалту бөлімі және фтизиатр кабинеті орналасады.
Жобада балалар мен отбасыларға көрсетілетін медициналық көмекке ерекше назар аударылған. Балалар бөлімшелері бір қабатқа орналастырылып, жеке лифт пен күту орындары қарастырылады. Бес жасқа дейінгі балаларға патронаждық бақылау жүргізіліп, жүкті және босанған әйелдерге қажетті медициналық қызметтер көрсетіледі.
Нысанның аумағында автотұрақ, кіреберіс жолдар, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар және абаттандырылған демалыс орындары салынады.
Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков медициналық нысанның заманауи талаптарға сай салынып, тұрғындар мен медицина мамандарына қолайлы жағдай жасауы маңызды екенін атап өтті.
Жаңа емхананың іске қосылуы Shymkent City шағынауданындағы тұрғындардың алғашқы медициналық-санитариялық көмекке қолжетімділігін арттырып, диагностика, емдеу және аурудың алдын алу қызметтерін бір жерде алуға мүмкіндік береді.


