Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Астанада Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) президенті Ингмар Де Воспен кездесті. Кездесуге ҚР Ат спорты федерациясының басшылығы да қатысып, елімізде ірі халықаралық жарыстарды өткізу перспективаларын талқылады.
Басты назар Қазақстанның 2027 жылы Лос-Анджелес Олимпиадасына іріктеу турнирін өткізу жөніндегі өтініміне аударылды. Ингмар Де Вос еліміздің дамыған спорт инфрақұрылымын, қолайлы географиялық орналасуы мен визалық жеңілдіктерін жоғары бағалап, бұл бастама үшін жүйелі жұмыс қажет екенін айтты.
Сондай-ақ тараптар қашықтыққа шабу түрін дамыту және оны Олимпиада бағдарламасына енгізу мүмкіндіктерін қарастырды.
FEI басшысы ұзақ жолға төзімді қазақы жылқы тұқымдары мен ұлттық ат баптау тәжірибесінің осы бағытта зор әлеуетке ие екенін атап өтті.


