Алматыда И. Жекенова атындағы инфекциялық аурулар ауруханасының жоғары технологиялық зертханасының жұмысы таныстырылды. Нысанмен Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов және өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының басшылары танысты.
Аумағы 2 480 шаршы метр болатын зертхана тәулігіне 15 мыңға дейін биологиялық сынаманы өңдей алады. Ал жылдық қуаттылығы 5 миллионға дейін зерттеу жүргізуге мүмкіндік береді.
Зертхананың басты ерекшелігі – жасанды интеллект элементтері енгізілген автоматтандырылған жүйе. Ол биоматериалды қабылдау, сұрыптау, зерттеу және нәтижелерді жіберу кезеңдерін бірізді басқарады.
Мамандардың айтуынша, автоматтандыру қолмен атқарылатын жұмыстарды азайтып, адам факторынан туындайтын қателіктердің алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар зерттеу нәтижелерін алу уақытын қысқартып, биологиялық қауіпсіздікті күшейтеді.
Жаңа кешен бес негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар: автоматтандырылған зертхана, иммуноферменттік талдау, полимеразды тізбекті реакция (ПТР), микробиология және паразитологиялық зерттеулер.
Кездесу барысында медициналық ұйымдар арасында деректер алмасуға арналған цифрлық жүйе, биоматериалдарды орталықтандырылған тасымалдау және зерттеу сапасын бақылау тетіктері де таныстырылды.
Жаңа технологиялар зертханалық қызметті орталықтандыруға, медициналық ресурстарды тиімді пайдалануға және диагностиканың сапасын арттыруға бағытталған.
Алматыдағы бұл тәжірибені алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлерінде зертханалық қызметті дамытуға үлгі ретінде пайдалану жоспарланып отыр.


