Қазақстан Ішкі істер министрлігі Астанада БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының өңірлік орталығын құру бастамасын көтерді. Жаңа орталық Қазақстанмен қатар бүкіл Еуразия өңіріндегі киберқылмысқа қарсы күресті үйлестіруге бағытталмақ.
Бұл туралы халықаралық конференция барысында ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденов мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, трансұлттық қылмыстық топтардың әрекетін анықтау үшін мемлекеттер арасында ақпарат алмасуды күшейтіп, бірлескен талдау жұмыстарын жүргізу қажет. Сондай-ақ ұрланған қаражаттың қозғалысын бақылау және жаңа киберқауіптердің алдын алу маңызды.
Қазақстан ұсынған бастамаға БҰҰ басшылығы оң көзқарас білдірді.
Жоспарланған орталықтың негізгі міндеттері – киберқауіптерді талдау, халықаралық тәжірибе алмасу, қылмыстарды тергеу жұмыстарын жетілдіру және осы саладағы мамандарды даярлау.


