Түркия Республикасы Измир қаласының әкімі Джемиль Тугай жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров қонақпен арнайы кездесіп, екі өңір арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін сөз етті. Кездесуде инвестиция тарту, туризмді дамыту, сауда-экономикалық байланысты кеңейту, мәдени-гуманитарлық бағыттағы әріптестікті арттыру жайы сөз болды. Нұралхан Көшеров өңірдің экономикалық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктері туралы баяндады, жүзеге асырылып жатқан ірі жобаларды таныстырды.
«Осы жақын арада Түркістан қаласы Түркі саммитін өткізген болатын. Сол жерде Ердоған мырзаның жақсы бір айтқан сөзі бар. Атажұрт деп. Ол сөздің мағынасы өте терең. Сондықтан бүгінгі мына кезедсу бауырлардың кездесуі деп білемін. Енді Түркістан өңірі діни туризм деп айтамыз және ауылшарушылығы қазіргі таңда қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Сондықтан жан жақты жұмыс жасауға біз дайынбыз»,-деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.
Измир қаласының әкімі Джемиль Тугай Қазақстан мен Түркияны байланыстыратын тарихи және рухани құндылықтардың маңызына тоқталды. Айтуынша, бұл сапар ортақ бастамаларды жүзеге асыруға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
«Жалпы Измирден Қазақстанға келер жолымыз оңай болған жоқ. Ұзақ уақыт алды. Есесіне, Қазақстанды көре алдық. Бұл біздің алғашқы келуіміз. Қазақстанның одан әрі дамуы біз үшін мақтан тұтарлық нәрсе. Біздің ниетіміз Қазақстан қалалары мен Түркия қалаларында соның ішінде Измир мен Қазақстан қалаларының арақатынасын дамыту үшін келіп отырмыз. Бүгін — танысу бұйырыпты. Алдағы уақытта бұл таныстық үлкен нәтижеге бастайды деп сенеміз»,-деді Измир қаласының әкімі Джемиль Тургай.
Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестік жоғары саяси деңгейде тұрақты дамып келеді. Биылғы жылдың алғашқы төрт айында екі ел арасындағы тауар айналымы 1,8 млрд АҚШ долларына жеткен.
Қарлығаш Байгөбек.

