Әзербайжан астанасы Бакуде 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өткен Әлем чемпионаты аяқталды.
Дүбірлі додада 60 келіге дейінгі салмақта сынға түскен жерлесіміз Мардан Орынбасар ерлікке пара-пар өнер көрсетіп, ел қоржынына қола жүлде салды. Тіпті шешуші белдесуде жарақат алса да, қайсарлық танытқан шымкенттік палуанды жанкүйерлері туған жерде зор құрметпен қарсы алды.
Мардан жүлдеге дейінгі жолында Солтүстік Македония мен Израиль спортшыларын айқын басымдықпен ұтты. Ал қола үшін таласта грузиялық қарсыласын жеңіп тұрған сәтте шынтағы шығып кетсе де, басымдықты қолдан бермеді. Ұлының бұл табандылығы мен қайсарлығы отбасы мен жақындары үшін үлкен мақтаныш.
Жас балуанымыздың бұл жетістігі — төгілген тер мен қажырлы дайындықтың жемісі. Қалалық спорт басқармасы мен күрес федерациясының өкілдері чемпиондарымыздың алдағы халықаралық ареналарда да биік белестерді бағындыра беретініне сенімді.

