Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласының тұрғындарымен кездесіп, жеке қабылдау өткізді.
Кездесуде қала әкімі Жандос Тасов аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады. Кентау қаласында мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. 2026 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнім көлемі 43,5 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 5,3 пайызға артқан. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15,3 млрд теңгені құрады. Аймаққа тартылған инвестициялар көлемі 117 пайызды құрап отыр. Өнеркәсіп саласына келсек, өндірілген өнім көлемі 26,2 млрд теңгеге жетті. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінде 20,5 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда төмен деңгейде. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 114,8 пайызды құрайды. Оның ішінде мал шаруашылығының көлемі – 117,7 пайыз, ал өсімдік шаруашылығы – 100 пайыз орындалған. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында оң нәтиже байқалады. Бүгінде қалада жұмыс істейтін шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 5 797 бірлікке жетті. Қаладағы жұмыссыздық деңгейі 4,6 пайызды құрайды. Білім беру саласында 32 мектеп жұмыс істейді. Қалада апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер жоқ. Мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту деңгейі 99,6 пайызды құрайды. Бүгінде қала көлемінде 13 медициналық мекеме халыққа қызмет көрсетуде. Сондай-ақ, инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. Қалаға аумағындағы 3 елді мекен көгілдір отынмен қамтылып, газға қосылған абоненттер саны 17 мыңға жетті. Сонымен қатар 120 ипотекалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 20,8 пайызға артса, жергілікті бюджеттің өзіндік кірістердің үлесі 31,4 пайызға жеткен. Бұдан бөлек, «Болашақ» мөлтек ауданындағы 14 көшеде ауыз су құбырлары толық ауыстырылып, пайдалануға берілді. Қарнақ ауылындағы жалпы ұзындығы 3,5 шақырымды құрайтын 5 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ қаланың ішкі жылу жүйесінің 54 шақырымы қайта жаңғыртудан өткізілді.
Мәжіліс соңында Нұралхан Көшеров тұрғындарды жеке қабылдап, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Жеке қабылдауда елді мекендерді газбен қамту, жол жөндеу, инфрақұрылыммен қамту, тұрғын үй және жер мәселелері көтерілді. Олардың кейбірі толық орындалса, қалған түйткілдер төңірегінде тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Өңір басшысы тұрғындардың талап-тілегі қашан да қолдау табатынын жеткізді.
Айта кетейік, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің облыс тұрғындарымен кездесулері барлық аудан, қалада жалғасады. Жеке қабылдауға «еOtinish» бірыңғай базасы арқылы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.
Қарлығаш Байгөбек


