Қазақстанда дәрілік заттарды таңбалау жүйесі фармацевтикалық нарықтағы жағдайды бақылауға, дәрі-дәрмек тапшылығын анықтауға және заңсыз сауда деректерін анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі уақытта елде 1,2 млрд-қа жуық дәрі-дәрмек қаптамасы таңбаланған. Оның жартысы сатылып, айналымнан шыққан. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, цифрлық жүйе дәрілік заттардың қайсысы Қазақстанда өндірілгенін, қайсысы шетелден әкелінгенін және олардың қанша көлемде сатылып жатқанын бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар платформа дәріханалардағы тауар айналымын талдап, тұтынушылар сұранысының өзгерісін анықтайды.
– Таңбалау бізге отандық өндірістің қанша дәрісі бар, қайсысы импортталғанын, сатылым көлемі қандай екенін көруге мүмкіндік береді. Мәселен, дәрілер күніне 750 мыңнан 960 мыңға дейін қаптама болып сатылады. Тіпті аптаның ішінде дәріханалардан дәрілер ең аз сатылатын күн – жексенбі екені де анықталды. Жүйе өңірлер бойынша препараттардың қалдығын бақылауға мүмкіндік береді. Яғни қай аймақта, қай елді мекенде, қай дәріханада тапшылық немесе артық қор бар екенін көреміз. Платформаның өзі ауытқуларды анықтап, заң бұзушылыққа меңзейді, – деді Әсет Нүсіпов.
Оның сөзінше, мұндай бақылау дәрі-дәрмектің өңірлер бойынша қолжетімділігін бағалауға және қорды тиімді бөлуге жағдай жасайды. Мәселен, белгілі бір елді мекенде қажетті препарат жетіспесе, ал басқа аймақта оның қоры шамадан тыс көп болса, жүйедегі мәліметтер осы жағдайды анықтауға көмектеседі. Бұл дәріханалардағы тапшылықтың алдын алуға және дәрілік заттардың қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, Сауда және интеграция министрлігі дәрі-дәрмек бағасына тұрақты мониторинг жүргізеді. Вице-министрдің мәліметінше, таңбалау жүйесінен алынған деректер бағаның өзгеруін талдауға және нарықтағы жағдайды бағалауға қолданылады.
– Мысалы, ибупрофеннің 2025 жылғы мамырдағы елдегі дәріханалардағы орташа бағасы 1460 теңге болған. Биылғы қазанда ол ең төменгі деңгейге жетіп, 941 теңге болды. Яғни нарық деректерімен жұмыс істеп, барлық өзгерісті көріп, талдау жүргізуге мүмкіндік бар, – деді спикер.
Таңбалау жүйесі дәрілік заттардың жарамдылық мерзімін де бақылауға мүмкіндік береді. Әсет Нүсіповтің айтуынша, 1 мыңнан астам нарық қатысушысына қатысты жарамдылық мерзімі өткен дәрілердің 7,5 мың рет сатылғаны тіркелген. Бұл деректер дәріханалардағы дәрілік заттардың қауіпсіздігі мен заң талаптарының сақталуын бақылаудың маңызын көрсетеді.
Сонымен қатар жүйе тегін берілуге тиіс дәрілердің ақылы сатылуы және таңбалау кодтарын қайта пайдалану сияқты күмәнді әрекеттерді де анықтаған.
– Коммерциялық сатылымда «Тегін» деген мөрі бар 27 мың қаптама анықталды. Чектер бойынша олар ақылы түрде сатылған. Бұдан бөлек, таңбалау коды бұрыннан басылған қаптамалардың 470 мыңнан астам рет қайта сатылғаны байқалды. Жалпы, жүйенің осындай функционалдық мүмкіндіктері бізге нарықты тиімді басқаруға жол ашады, – деді Әсет Нүсіпов.
Мамандардың пікірінше, дәрілік заттарды таңбалау тауардың өндірушіден бастап соңғы тұтынушыға дейінгі қозғалысын бақылауды жеңілдетеді. Бұл заңсыз айналымды анықтауға, дәріханалардағы баға мен қор туралы мәліметтерді салыстыруға және нарықтағы ықтимал заң бұзушылықтардың жолын кесуге көмектеседі.
Осылайша, таңбалау жүйесі дәрі-дәрмек нарығындағы ашықтықты арттырып, дәрілік заттардың сатылымы мен қолжетімділігі туралы нақты деректер алуға мүмкіндік беретін цифрлық құрал ретінде қолданылып отыр.


