Астанада киберқылмысқа қарсы күрес мәселелеріне арналған халықаралық конференция басталды. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы мен Интерполдың қолдауымен ұйымдастырды.
Халықаралық жиынға 27 мемлекеттің өкілдері қатысуда. Кездесудің негізгі мақсаты – трансұлттық киберқылмысқа қарсы бірлескен шараларды күшейту, тәжірибе алмасу және цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді жолдарын қарастыру.
Конференция барысында заманауи технологияларды пайдалану, киберқылмыстардың алдын алу және азаматтарды интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлерден қорғау мәселелері талқылануда.
Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және цифрлық қауіпсіздік саласындағы бірлескен бастамаларды қолдауға басымдық беріп отыр. Бұл бағыт Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Заң мен тәртіп» қағидатымен де сабақтас.
Астана халықаралық сарапшылар бас қосып, киберқылмысқа қарсы күрестің ортақ тетіктерін талқылайтын маңызды алаңға айналды.


