Астанада «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Биыл еліміздің әр өңірінен қатысқан 20 отбасы үздік деп танылды.
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, Құрылтай, Қазақстан Халық Кеңесі, Аналар кеңесі мен Әкелер одағының өкілдері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері қатысты.
Жеңімпаздарды құттықтаған Арман Қырықбаев отбасының қоғамдағы орны мен бала тәрбиесіндегі маңызын атап өтті. Оның айтуынша, адалдық, мейірім, еңбекқорлық және үлкенге құрмет сияқты қасиеттер ең алдымен отбасында қалыптасады.
Байқау жеңімпаздарының қатарында көпбалалы және бала асырап алған отбасылар, еңбек пен өнер жолын ұрпақтан ұрпаққа жалғастырған әулеттер бар. Сондай-ақ туған өңірінің дамуына үлес қосып, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүрген отбасылар да марапатталды.
Биыл жеңімпаз атанған 20 отбасының әрқайсысына естелік мүсінше мен 2 миллион теңгенің сертификаты табысталды.
Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Оның мақсаты – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін арттыру және өнегелі әулеттердің өмір жолын көпшілікке үлгі ету.
Байқау басталғалы еліміздің барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысқан.


