Атырау облысында балық шаруашылығын дамытуға бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. 2030 жылға дейін өңірде жалпы құны 25 млрд теңгеден асатын сегіз жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Жобалар балық өсіру көлемін арттыруға, өндіріс орындарын жаңғыртуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған.
Ірі жобалардың бірі – Құрманғазы ауданындағы «Шортанбай» балық өңдеу зауытын жаңғырту. Кәсіпорынды дамытуға 12 млрд теңгеден астам инвестиция тарту көзделген. Қазіргі уақытта 11 жаңа нысанның құрылысы басталған.
Жоба аясында балықты қабылдау, мұздату, тұздау, ыстау және консервілеу цехтары салынады. Сонымен қатар уылдырық пен балық сүбесін өндіретін бөлімдер ашылады. Зауыт толық қуатына шыққанда өнімнің 200-ге дейін түрін шығара алады.
Өңірде тауарлы балық өсіру көлемін де ұлғайту жоспарланған. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 2,6 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Биылғы тоғыз айда Атырау облысында 7 мың тонна балық өңделген.
Балық қорын сақтау бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Биыл Жайық өзеніне бекіре тұқымдас балықтардың 4 миллионға жуық шабағы жіберілді. Сонымен қатар браконьерлікке қарсы шаралар күшейтілген. Жыл басынан бері 2,4 мың құқық бұзушылық анықталып, 168 іс сотқа жолданған.
Балық аулау кооперативтеріне де қолдау көрсетілуде. Биыл 16 кооперативке 16 мың тонна балық аулауға рұқсат берілген. Қазіргі уақытта бөлінген лимиттің 44 пайызы игерілген.
Айта кетейік, Атырау облысына республика бойынша ауланатын балықтың жалпы көлемінің 31 пайызы тиесілі. Жоспарланған жобалар өңірдегі балық шаруашылығының өндірістік әлеуетін арттырып, отандық өнім көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.


