Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған делегация Ұлыбританияға жұмыс сапары аясында бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында Alatau City қаласының инфрақұрылымын дамыту, инвестиция тарту, британдық технологияларды енгізу және білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Қазақстандық делегация Ұлыбритания Үкіметінің, UK Export Finance (UKEF) экспорттық-кредиттік агенттігінің, халықаралық қаржы ұйымдары мен білім беру мекемелерінің өкілдерімен кездесті.
UKEF басшылығымен өткен дөңгелек үстелде Alatau City-дің энергетика, көлік және коммуналдық инфрақұрылым жобаларын қаржыландыру мүмкіндіктері талқыланды. Атап айтқанда, экспорттық кредиттер, банктік кепілдіктер және британдық экспортты мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалану мәселелері сөз болды.
Қазақстан тарапы энергетикалық нысандарды, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін, көлік инфрақұрылымын салу бағыттарындағы басым жобаларды ұсынды. Бұл жұмыстарға британдық инженерлік компаниялар мен жабдық өндірушілерді, сондай-ақ қаржы институттарын тарту көзделіп отыр.
Бұдан бөлек, Ұлыбритания Сыртқы істер министрінің парламенттік орынбасары лорд Стюарт Вудпен кездесуде екіжақты стратегиялық әріптестікті нығайту мәселелері қаралды. Тараптар энергетика, өнеркәсіп және цифрлық экономика салаларындағы бірлескен жобалардың мүмкіндіктерін талқылады.
Standard Chartered банкінің мемлекеттік сектормен жұмыс жөніндегі жаһандық жетекшісі Чарльз Корбеттпен өткен келіссөздерде инвестиция тартудың қаржылық тетіктеріне басымдық берілді. Атап айтқанда, синдикаттық кредиттеу, халықаралық даму институттарымен бірлесіп қаржыландыру және экспорттық-кредиттік агенттіктердің кепілдіктерін пайдалану мәселелері қарастырылды.
Сондай-ақ Ұлыбританияның мемлекеттік министрлері Анас Сарвар, Крис Макдональд және Канишка Нараянмен жеке кездесулер өтті. Келіссөздерде сауда-инвестициялық байланыстарды кеңейту, технологиялар трансферті, ғылым, инновация және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Alatau City инфрақұрылымын цифрландыру перспективалары сөз болды.
Білім беру саласындағы әріптестік те назардан тыс қалмады. Қазақстандық делегация Magdalen College School басшылығымен кездесіп, Alatau City-де халықаралық деңгейдегі мектеп ашу, британдық білім беру бағдарламаларын енгізу және қазақстандық педагогтерді бірлесіп даярлау мүмкіндіктерін қарастырды.
Кездесулердің негізгі мақсаты – Alatau City жобасына шетелдік инвестиция мен озық технологияларды тарту, сондай-ақ Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы экономикалық және білім беру байланыстарын дамыту.


