Премьер-министр Олжас Бектенов Президенттің көлік саласын цифрландыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысып, заманауи технологияларды енгізу жұмыстарын тексерді.
Көлік министрлігінің Ахуалдық орталығында Премьер-министрге автомобиль жолдары, теміржол және авиация салаларында енгізіліп жатқан цифрлық шешімдер мен IT-әзірлемелер таныстырылды. Олардың қатарында Ұлттық бейнебақылау жүйесі, e-Joldar, Smart Cargo, Q-Gate, QazETA, Echelon Alpha, KinetiX және Trip Optimizer платформалары бар.
Автожол саласында камералардан алынған деректерді, салмақты бақылау және жол ақысын төлеу жүйелерін біріктіретін Ұлттық бейнебақылау жүйесі енгізілуде. Алдағы уақытта жасанды интеллект заңбұзушылықтарды тіркеумен қатар, тәуекелдерді болжауға, жолдағы жағдайды талдауға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға мүмкіндік береді.


