Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» қоры директорлар кеңесінің отырысын өткізді. Жиында қордың 2026 жылдың алғашқы тоғыз айындағы қаржылық және өндірістік нәтижелері, инвестициялық жобалардың орындалуы және отандық өндірушілерді қолдау мәселелері қаралды.
Қор басқармасының төрағасы Нұрлан Жақыпов есепті кезеңнің қорытындысын баяндады. Оның мәліметінше, қордың кірісі 13%-ға, таза пайдасы 19%-ға өскен. Негізгі өндірістік көрсеткіштер бойынша жоспар орындалған.
Отырыста жалпы құны 43,8 трлн теңге болатын 69 ірі инвестициялық жобаның жүзеге асырылу барысы таныстырылды. Олар мұнай-газ, мұнай-газ химиясы, энергетика, көлік, коммуникация және газ тасымалдау салаларын қамтиды. Қазіргі уақытта 44 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қордың маңызды жобаларының қатарында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ұзындығы 380 шақырымдық талшықты-оптикалық байланыс желісі бар. Ол екі елдің цифрлық байланысын нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қор Гонконг қор биржасы мен «Астана» халықаралық биржасында жалпы сомасы 3 млрд юань болатын облигацияларды алғаш рет орналастырған.
Көлік саласындағы маңызды жобалардың бірі – Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісі. Биыл қазан айында осы бағыт арқылы қазақстандық көмір тиелген алғашқы жүк пойызы Өзбекстанға жөнелтілді. Жаңа теміржол желісі жүк тасымалының өткізу мүмкіндігін арттырып, қазақстандық өнімді Орталық Азия нарығына шығаруға жол ашады.
Отандық тауар өндірушілерді қолдау бағытында да өсім бар. Биылғы тоғыз айда қордың қазақстандық компаниялардан сатып алған өнімдері мен қызметтерінің көлемі шамамен 1,4 трлн теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 45%-ға жоғары. Ал офтейк-келісімшарттардың көлемі 73 млрд теңгені құрады.
Бұдан бөлек, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасуда. 2027–2028 жылдары Астана, Түркістан және Петропавл қалаларында бірқатар ірі медициналық нысанды аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ инклюзивті спорт, оңалту, білім беру және мәдениет салаларындағы жобалар жүзеге асырылмақ.
Жиын қорытындысында Олжас Бектенов инвестициялық жобалардың мерзімінен кешігуіне байланысты қор мен оның еншілес компанияларының басшылығына сын айтты. Премьер-министр жобаларды белгіленген уақытта аяқтауды бақылауды күшейтуді және сатып алулардағы жергілікті қамту үлесін арттыруды тапсырды.
Сонымен қатар Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларындағы өндірістік қуаттарды іске қосу, газ өңдеу зауыттарын салу жобаларын уақытылы аяқтау мәселесін ерекше бақылауға алуды міндеттеді.


