Алматыда Әди Шәріпов көшесіндегі 13 қабатты Lamiya тұрғын үй кешенінде өрт болды. Бір қыз қаза тауып, тағы төрт адам ауруханаға жеткізілді.
Өрт туралы хабарлама «101» пультіне 24 тамызда сағат 22:49-да түскен. Өрт техникалық бөлмедегі кабельдік шахтадан басталып, екі подъездегі 7-қабаттан 13-қабатқа дейінгі электр қалқандарына тараған.
Құтқарушылар ғимараттан 148 адамды, оның ішінде тоғыз баланы эвакуациялады. Бір қызды ес-түссіз күйде тапқан. Дәрігерлердің реанимациялық шараларына қарамастан, оны құтқару мүмкін болмады. Алдын ала мәлімет бойынша, қыз түтіннен уланып қаза болуы мүмкін.
Өрт сағат 23:57-де оқшауланып, 00:14-те толық сөндірілді. Оқиға орнына шамамен 90 құтқарушы мен 25 арнайы техника жұмылдырылды.
Өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұған дейін ғимаратта өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылғаны анықталып, оларды жою туралы нұсқама берілген. Алайда жауапты тұлғалар қажетті шараларды қабылдамаған.
Қазір өрттің себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Алматының зерттеу сынақ өрт зертханасында сараптама тағайындалды.


