Артық Досалиев 17 тонналық автобусты тісімен сүйреп, әлемдік рекорд орнатты.
Ерекше сынақты тамашалауға жиналған шымкенттіктер спортшыға қолдау көрсетті. Артық Досалиев арнайы белдікті тісімен қысып, ауыр автобусты орнынан қозғап, алға сүйреді.
Жиында Asia және Africa елдері бойынша GBR (Global Best of Records) әлемдік рекордтар кітабының бас офицері, Қазақстандағы бірегей ресми рекордтарды тіркеп, куәландырушы ресми өкіл Қуандық Құдайбергенов болды.
Оның айтуынша, бүгін Шымкент қаласында дүниежүзілік рекорд орнатылып, бірден төрт әлемдік рекорд жаңартылған.
Артық Досалиев бұл рекордты жаңартуға шамамен жарты жыл бойы дайындалғанын айтты. Спортшы жаттығу кезінде пайдаланған 17 тонналық автобусты ұсынған «Ордабасы» клубына алғысын білдірді.
Рекордшының сөзінше, ол өз күшіне сенімді болған және сынақ кезінде қобалжымады. Дегенмен, мұндай әрекетке арнайы дайындықсыз баруға болмайтынын ескертті. Оның айтуынша, бұл — аса қауіпті сынақ, сондықтан оған ұзақ әрі кәсіби дайындық қажет.


