Шымкенттік жас спортшы Дияр Аманәлі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жеңіске жетіп, ел мерейін үстем етті.
Венгрияда өткен грек-рим күресінен U17 жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанды.
Жас чемпионды жеңісімен құттықтаған шымкенттік кәсіпкер оған автокөлік сыйлады. Сонымен қатар Диярға жоғары оқу орнына білім грантын табыстады. Бұл — жас спортшыға спорт пен білімді қатар алып жүруге мүмкіндік береді.
Палуанның жетістігіне үлес қосқан бапкерлер де қаржылай марапатқа ие болды.
Дияр Аманәлі бұл жеңіске оңай жеткен жоқ. Ол 10 жыл бойы үздіксіз жаттығып, әлемдік додада бес белдесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Оның қарсыластары Грекия, Ресей, Грузия, Болгария және Венгрия елдерінің өкілдері болды.
Ширек финалда грек балуанымен, жартылай финалда болгариялық спортшымен белдескен Дияр ақтық сында Венгрия өкілімен кездесіп, жеңісті жұлып алды.
«Бұл жеңіске жету үшін Дияр он жыл бойы тынбай жаттықты. Әрине, бұл жерде бапкердің де еңбегі орасан. Жас спортшының табандылығы мен тынымсыз еңбегінің нәтижесінде осындай биік жетістікке қол жеткізді»,-дейді спорт мектебінің директоры Ермек Байдуашев.
Дияр Аманәлінің жеңісі өскелең ұрпаққа үлкен үлгі. Ал оған көрсетілген қолдау жас чемпион үшін жаңа белестерге ұмтылуға берілген маңызды мотивация.
Жас спортшының ендігі мақсаты — Олимпиада шыңын бағындыру.
Балзия Қалдыбай

