Түркістан облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясындағы тазалық жұмыстары күшейтілді.
Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.Жиында өңірде атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер сараланды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов аудан-қалалардағы тазалық жұмыстарының нәтижесін баяндады.
Жиында заңсыз қоқыс орындарын жою мәселесіне ерекше назар аударылды. «Ғарыш Сапары» анықтаған 250 бей-берекет қоқыс орнының 33-і әлі толық тазартылмаған. Жауапты әкімдіктерге бұл кемшіліктерді қысқа мерзімде жою тапсырылды. Сондай-ақ маусым мен шілде айларындағы мониторинг барысында анықталған 399 кемшіліктің барлығы жойылғаны айтылды. Оның ішінде бей-берекет қоқыс орындары, саябақтар, скверлер мен аллеялардың күтіміне қатысты мәселелер болған.Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров аудан, қала әкімдеріне «Таза Қазақстан» бағдарламасының орындалуын күшейтіп, елді мекендердің тазалығы мен абаттандыру жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Қарлығаш Байгөбек


