Түркістан облысында денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, жұқпалы аурулардың алдын алу бағытындағы жұмыстардың барысы қаралды.
Мәжіліс облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өтті. Жиында Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев өңірде вакцинация жұмыстары жоспарға сай жүргізіліп жатқанын айтты. Айтуынша, жоспарлы екпелер 11 түрлі жұқпалы аурудың алдын алуға арналған. Олардың қатарында туберкулез, вирусты гепатиттер, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, қызылша, қызамық, және адам папилломасы вирусына қарсы вакциналар бар.
Барлық екпелер тұрғындарға өздері тіркелген емханаларда тегін салынады. Мамандар вакцинация жұқпалы аурулардың таралуын азайтып, халық денсаулығын сақтаудың ең тиімді жолдарының бірі екенін атап өтті.
Мәжілісте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылмаған және дағдарыс санатындағы азаматтарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мәселесі де сөз болды.
Нәтижесінде маусым-шілде айларында мемлекеттік медициналық ұйымдарға 28 мың 719 адам, ал жекеменшік медициналық ұйымдарға 6 мың 86 азамат көмекке жүгінген. Жалпы, жыл басынан бері облыс бойынша 58 мың 244 тұрғын медициналық ұйымдардың қызметін пайдаланған.
Қарлығаш Байгөбек


