Семейде 1400 орындық заманауи BINOM мектебінің іргетасын қалау рәсімі өтті.
Шараға облыс әкімі Берік Уәли, «BI Group» компаниясы директорлар кеңесінің мүшесі Бауыржан Исабаев, «BINOM» мектептер желісінің директоры Шолпан Қадырова, ұлағатты ұстаз, «Қазақстанның Еңбек Ері» Алма Шүкіжанова қатысты.
Салтанатты рәсімде құттықтау сөз сөйлеген аймақ басшысы жаңа мектептің құрылысы өңірдегі білім беру инфрақұрылымын дамытудағы маңызды жобалардың бірі екенін атап өтті.
«Бүгін біз тарихи сәттің куәсі болғалы тұрмыз. Облысымызда тұңғыш рет елімізде BINOM мектептер желісі ретінде танымал болып, елдің ықыласына бөленіп, ата-аналар мен оқушылардың жүрегінен жол тапқан BINOM мектебінің құрылысы басталғалы отыр. Бұл – біз үшін үлкен жаңалық және мақтаныш. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Білімді ұрпақ – ұлттың болашағы» деп атап көрсетіп, әрбір баланың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасалуы тиіс екенін үнемі айтып келеді. Осы міндетті жүзеге асыру мақсатында елімізде жаңа мектептер салу, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту және балалар үшін қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға айрықша көңіл бөлінуде. Қарағайлы – қарқынды дамып келе жатқан жаңа шағын аудан. Мұнда халық санының артуымен бірге мектеп жасындағы балалар саны да жылдан-жылға өсіп келеді. Сондықтан бүгін капсуласы қаланып отырған жаңа BINOM мектебі – уақыт талабынан туған қажеттілік әрі мемлекеттік білім саясатының нақты нәтижесі. – деді Берік Уәли.
Ерекше атап өтерлігі, бұл BINOM мектептер желісінің алғаш рет жаңарылтылған білім жүйесімен сабақ оқытатын еліміздегі 10-ыншы мектебі болады. Бұған дейін Астана мен Атырау қалаларында 9 мектеп бой көтерген. Яғни, Семей үшінші қала болады. Мектеп келесі оқу жылында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.


