Қазақстанда ақылды су есептегіштеріне көшу кезінде жарамды құрылғыларды мерзімінен бұрын ауыстыру талап етілмейді. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, егер есептегіш жарамды болса, тиісті тексеруден өтсе және пайдалану мерзімі аяқталмаса, оны жаңасына ауыстырудың қажеті жоқ.
«Егер орнатылған су есептегіш құралы жарамды болса, тиісті салыстырып тексеруден өтсе және оның пайдалану мерзімі аяқталмаса, оны мерзімінен бұрын ауыстырудың қажеті жоқ. Бұл ретте пайдалану мерзімі мен салыстырып тексеру аралығын ажырата білу керек. Салыстырып тексеру өлшеу дәлдігін растайды, алайда өндіруші белгілеген пайдалану мерзімін ұзартпайды», – деді Бақытжан Жүнісбеков.
Сонымен қатар жаңа есептегіш орнату кезінде, соның ішінде істен шыққан немесе пайдалану мерзімі аяқталған құрылғыларды ауыстырғанда, көрсеткіштерді қашықтан жіберу мүмкіндігі ескерілуі тиіс.

