Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Катардың Power International Holding холдингінің басшылығымен кездесті. Тараптар Қашаған кен орнында газ өңдеу зауыттарын салу және газ тасымалдау инфрақұрылымын дамыту мәселелерін қарастырды.
Жоспар бойынша, екі газ өңдеу зауытының жылдық қуаты 1 млрд және 2,5 млрд текше метрді құрайды. Алғашқы нысанды 2027 жылы іске қосу жоспарланса, екінші зауыттың құрылысын 2030 жылы аяқтау көзделген.
Сонымен қатар «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісін салу жұмыстары жалғасып жатыр. Кездесуде телекоммуникация саласындағы серіктестік мәселелері де талқыланды.
Олжас Бектенов бірлескен жобаларды белгіленген мерзімде аяқтап, нысандарды уақытылы пайдалануға беру үшін жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.


