Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа үлгісін енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Admission Insight Test (AIT) деп аталатын жоба талапкерлердің пәндік білімін ғана емес, олардың өзге де маңызды дағдыларын бағалауға бағытталған.
Ұлттық тестілеу орталығы халықаралық ETS ұйымымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан бастама 2026–2030 жылдарға арналған. Жаңа жүйе екі негізгі бағытты қамтиды.
Бірінші бөлімде талапкерлердің 14 бейіндік пән бойынша білімі тексеріледі. Ал екінші бөлім сыни ойлау, академиялық жазу, зерттеу жүргізу, цифрлық технологияларды пайдалану және жасанды интеллект сауаттылығы секілді қабілеттерді бағалауға арналған.
Жоба әзірлеушілерінің айтуынша, жаңа тәсіл дәстүрлі пәндік тестілеудің орнын баспайды. Керісінше, білім деңгейін бағалауды қосымша дағдылармен толықтырып, талапкерлердің мүмкіндіктерін кеңірек анықтауға мүмкіндік береді.
AIT жобасын 2027 жылдың көктемінде сынақтан өткізу жоспарланып отыр.


