Шымкент тұрғындары енді қаланың үш қоғамдық кеңістігінде шахмат ойнай алады. Жаңа павильондар Абай атындағы саябақта, Металлургтер саябағында және 17-шағынаудандағы жаяу жүргіншілер аллеясында ашылды.
Нысандардың ашылуына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен FIDE және Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов қатысты.
Ғабит Сыздықбеков шахмат үйлері қала тұрғындарының бас қосып, уақытын пайдалы өткізуіне мүмкіндік беретінін айтты. Әсіресе, балалар мен жастардың зияткерлік спортқа қызығушылығын арттыруға басымдық берілмек.
Павильондардың көлемі әртүрлі. Абай атындағы саябақтағы нысанның ауданы 223 шаршы метр болса, қалған екеуі 81 шаршы метрден. Барлығы шахмат үстелдерімен жабдықталған. Сондай-ақ павильондардың бірінде жазғы терраса бар.
Тимур Турловтың айтуынша, шахматқа арналған арнайы орындардың көбеюі жас ойыншылардың шеберлігін шыңдауға және болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге ықпал етеді. Ол Шымкенттің балалар мен жастар шахматын дамытуда және жарыстар ұйымдастыруда белсенділік танытып отырғанын атап өтті.
Жобаны Freedom Holding Corp. компаниясы «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры арқылы қаржыландырды. Құрылысты «Орда-Строй Капитал» ЖШС жүргізді. Ал Freedom Telecom жаңа нысандарды интернетке қосуды жоспарлап отыр.
Шымкентте шахматтың дамуына бұрыннан көңіл бөлініп келеді. Қаламен Тамара Клинк, Ләззат Тәжиева, Гүлісхан Нахбаева және Ринат Жұмабаев секілді танымал шахматшылардың есімдері байланысты. Жергілікті спортшылар ел чемпионаттарында және халықаралық додаларда өнер көрсетіп жүр.
Қалада ірі жарыстар да өтеді. 2024 жылы Шымкент FIDE әйелдер арасындағы Гран-при кезеңін қабылдаса, 2026 жылдың наурызында мұнда жүлде қоры 25 млн теңге болатын KazChess Masters Nauryz халықаралық турнирі ұйымдастырылды.
Шахматты білім беру саласында дамыту жұмыстары да жалғасуда. Тамыз айында 48 жергілікті педагог «Білім берудегі шахмат» бағдарламасы бойынша оқудан өтті.
Жаңа павильондар шахматқа қызығатын тұрғындарға қолайлы орта қалыптастырып, қаладағы зияткерлік спорттың дамуына жаңа мүмкіндік береді.


