Қазақстанда 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап отбасылардың әлеуметтік жағдайын бағалау тәртібі өзгереді. Енді азаматтардың табысымен қатар, баспанасы, көлігі, кәсібі және өзге де мүлкі ескеріледі.
Еңбек министрлігінің түсіндіруінше, Отбасының цифрлық картасы арқылы үй шаруашылықтары әл-ауқатына қарай бес топқа бөлінеді. Олар: өте ауқатты, ауқатты, тұрмысы қанағаттанарлық, экономикалық тұрғыдан осал және экономикалық әрі әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылар.
Алғашқы екі санатқа жатқызу кезінде отбасының жалпы қаржылық жағдайы жан-жақты қарастырылады. Негізгі көрсеткіштердің бірі – әр отбасы мүшесіне шаққандағы табыс. Бұл меженің шамамен 350 мың теңгеден басталатыны айтылды.
Дегенмен жеке баспананың немесе автокөліктің болуы отбасының автоматты түрде ауқатты деп танылуына негіз болмайды. Шешім табыс пен мүлік туралы мәліметтерді қоса алғанда, бірнеше көрсеткіш бойынша қабылданады.
Отбасының қаржылық жағдайы өзгерген жағдайда оның санаты да қайта қаралуы мүмкін. Бағалау мемлекеттік органдардың деректері негізінде жүргізіледі. Азаматтар өздеріне қатысты ақпаратты электрондық үкімет порталы арқылы тексере алады.


