Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде қазақ тілінің ғылым мен технология салаларындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған III халықаралық симпозиум өз жұмысын бастады. «Қазақ тілі – ғылым тілі: Digital Qazaqstan дәуірінде ғылыми трансформация» тақырыбымен өтіп жатқан халықаралық басқосу тілдің цифрлық кеңістіктегі дамуына және ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған.
Жиынның негізгі мақсаты – қазақ тілінің ғылым, білім және технология салаларындағы қолданысын жандандыру, оны жасанды интеллект жүйелеріне бейімдеудің ғылыми тетіктерін қарастыру. Сонымен қатар ғылыми материалдар көлемін ұлғайту, ұлттық терминологияны біріздендіру және заманауи тілдік технологияларды дамыту мәселелеріне басымдық берілді.
Симпозиумға Қазақстан мен шетелден келген ғалымдар, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің мамандары, сондай-ақ жас зерттеушілер қатысты.
Іс-шараның ашылуына орай ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, университеттің Өкілетті кеңесінің төрағасы Хүсейін Караман, Ұлттық ғылым академиясының Басқарма президенті Ақылбек Күрішбаев және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы құттықтау хаттарын жолдап, қатысушыларға ізгі тілектерін білдірді.
Басқосу барысында қазақ тілінің ғылыми ортадағы беделін нығайту, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, цифрлық ресурстарды жетілдіру және ғылыми ақпаратты қазақ тілінде тарату бағыттары сөз болды. Қатысушылар ұлттық терминологияны жүйелеу мен тілдік технологияларды жетілдірудің маңызын атап өтті.
Симпозиум жұмысы пленарлық отырыспен жалғасты. Оған университет ректоры Жанар Темірбекова модераторлық етті.
Отырыста академик, Өкілетті кеңес мүшесі Дархан Қыдырәлі, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры әрі Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі, академик Кәрімбек Құрманәлиев, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басшысы Мақпал Жұмабай және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының OpenAI бойынша жоба жетекшісі Анар Құрманжан баяндама жасады.
Ғылыми талқылауларда жасанды интеллект жағдайында қазақ тілін дамытудың басым бағыттары, ғылыми коммуникацияның жаңа мүмкіндіктері, цифрлық тілдік қорларды жетілдіру және ұлттық тіл моделін қалыптастыру мәселелері қарастырылды. Мамандар қазақ тілінің заманауи технологиялармен ықпалдасуы мен ғылыми ортадағы қолданысын арттыру жолдарын ортаға салды.
Воскресенье, 25 октября


