Шымкентте Азия ойындарының екі дүркін чемпионы, каратэ шебері Софья Берульцеваны салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Жапонияның Аичи-Нагоя қалаларында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алған спортшыны Қажымұқан атындағы орталық стадион алдында туған-туыстары, жаттықтырушылары, спорт саласының өкілдері мен жанкүйерлері күтіп алды.
Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Софья Берульцева каратэден кумитэ бағдарламасы бойынша +68 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, қарсыластарынан басым түсті. Ол жарыстың алғашқы кезеңдерінде Сауд Арабиясының өкілі Дина Ахмед Мостафаға қарсы 9:6 есебімен жеңіске жетсе, жартылай финалда непалдық Арика Гурунгті 2:1 есебімен ұтты. Ал финалдық кездесуде Таиланд спортшысы Манееван Буцуванды 8:0 есебімен жеңіп, алтын медальға қол жеткізді.
Осы нәтижесінің арқасында шымкенттік спортшы Азия ойындарының екі дүркін чемпионы атанды. Бұған дейін ол Ханчжоуда өткен құрлықтық додада да осы салмақ дәрежесінде топ жарған болатын.
Спортшыны қарсы алу рәсімінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек чемпионды жеңісімен құттықтап, қалада каратэ спортының қалыптасқан жеңісті дәстүрі бар екенін атап өтті. Сонымен қатар алдағы жарыстарда сәттілік тілеп, Шымкент спортшыларының Азия ойындарында жоғары нәтижелер көрсетіп жатқанын жеткізді.
Ал Қазақстан ұлттық құрамасының каратэден аға бапкері Бақтияр Тоқсейітов Софья Берульцеваның келесі мақсаты әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алу екенін айтты.
Айта кетейік, Софья Берульцева – Токио Олимпиадасының қола жүлдегері және Қазақстан құрамасының жетекші каратэшілерінің бірі. Оның Азия ойындарындағы кезекті чемпиондығы спортшының жүйелі дайындығы мен табандылығының нәтижесі болды.
Воскресенье, 25 октября


