Қазақстанда кітапхана жүйесін жаңғырту және кітап шығару саласын дамыту бағытында жаңа бастамалар қолға алынуда. 2027 жылы Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Айзада Құрманова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес кітапхана және кітап шығару саласын заңнамалық тұрғыдан реттеу жұмыстары басталған. Салалық сарапшылармен бірлескен талқылаулар нәтижесінде «Кітапхана және кітап шығару ісі туралы» заң жобасының бастапқы нұсқасы әзірленді.
Құжатта кітапханаларды жаңғырту, кітап қорын толықтыру және баспа ісін қолдау тетіктерін жетілдіру көзделген.
Жаңа цифрлық платформа кітапханаларды бірыңғай электрондық жүйеге біріктіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ортақ электрондық каталог құру, бірыңғай оқырман билетін енгізу және онлайн қызметтерді дамыту жоспарланған.
Бұдан бөлек, жасанды интеллектінің дамуы жағдайында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мен кітап саласын ілгерілетуге бағытталған 2027–2031 жылдарға арналған «Зерделі ұлт» тұжырымдамасы әзірленіп жатыр.
Аталған бастамалар кітапхана қызметтерін қолжетімді етіп, елдегі оқу мәдениетін дамытуға бағытталған.
Воскресенье, 25 октября


