Түркістан қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде Олимпиада чемпионының құрметіне арналған жасөспірімдер арасындағы XXI халықаралық бокс турнирі басталды.
2013–2014 жылы туған жас спортшылар қатысып жатқан жарыстың ашылу рәсіміне Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы, сондай-ақ Бекзат Саттархановтың анасы мен алғашқы бапкері қатысты. Олар жас боксшыларға сәттілік тілеп, жарыстың маңыздылығын атап өтті.
Халықаралық додаға Қырғыз Республикасынан және Қазақстанның бірқатар өңірінен келген 400-ден астам жас спортшы қатысуда. Жарыс барысында қатысушылар өзара мықтыны анықтап, шаршы алаңда шеберліктерін көрсетеді.
Турнир 27 қыркүйек пен 1 қазан аралығында өтеді. Бәсекенің негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында боксты дамыту, болашағынан үміт күттіретін спортшыларды анықтау және Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың есімін ұлықтау.
Воскресенье, 25 октября


