Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Санкт-Петербург қаласында ұйымдастырылған XII Халықаралық біріккен мәдениеттер форумына қатысты. Халықаралық жиынға 43 шетелдік ресми делегация жиналды. Олардың 18-ін мәдениет министрлері бастап келді.
Форум аясында Арман Қырықбаев Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Ольга Любимовамен кездесті. Кездесу барысында ресейлік министр Маңғыстау облысында қаза тапқан қазақстандық әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.
Тараптар екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту, бірлескен жобаларды іске асыру және алдағы ынтымақтастық бағыттарын талқылады. Сонымен қатар Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі Кіші комиссияның қызметіне тоқталды. Комиссияның бесінші отырысын 2027 жылдың алғашқы жартысында Астана қаласында өткізу жоспарланып отыр.
Кездесу барысында мәдениет саласындағы бірлескен бастамалар да сөз болды. Атап айтқанда, 8 қазанда Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде Мемлекеттік Третьяков галереясының қорындағы ХХ ғасыр өнер туындыларына арналған көрме ашылады. Экспозицияға 30 шығарма қойылады. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Эрмитаж күндері» жобасын ұйымдастыру мәселесі қарастырылды.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Арман Қырықбаев Ольга Любимоваға II дәрежелі «Достық» орденін табыс етті. Ресейлік министр бұл марапатқа Қазақстан мен Ресей арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ екі елдің мәдени байланыстарын дамытуға қосқан үлесі үшін ие болды.
Воскресенье, 25 октября


