Жапонияның Айчи-Нагоя қалаларында 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өткен ХХ жазғы Азия ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы 84 медаль иеленді. Ел спортшылары 12 алтын, 24 күміс және 48 қола жүлде жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте 8-орынға тұрақтады.
Құрлықтың басты спорттық додасында Түркістан облысының спортшылары да ел құрамасының сапында өнер көрсетіп, жоғары нәтиже көрсетті. Өңірден 35 спортшы спорттың 14 түрінен жарысқа қатысып, Қазақстан қоржынына 1 алтын, 3 күміс және 3 қола медаль қосты.
Академиялық есуден ерлер арасындағы қос қайық (M2−) жарысында Қазақстан құрамасы сапында сынға түскен Владислав Яковлев пен Иван Чернухин алтын медаль иеленді.
Байдарка мен каноэде есуден Ольга Шмелёва екі жүлдеге қол жеткізді. Ол бір бағдарламада күміс, екіншісінде қола медаль жеңіп алды.
Сонымен қатар каратэден Әсел Қанай мен командалық дзюдодан Айдар Арапов күміс жүлдегер атанды. Еркін күрес шебері Едіге Қасымбек пен әйелдер күресінен Нилуфар Раимова жарысты қола медальмен қорытындылады.
Осылайша, Түркістан облысының спортшылары Азия ойындарында ел құрамасының нәтижесіне елеулі үлес қосты.
Өңір спортшыларының көрсеткіші алдыңғы Азия ойындарымен салыстырғанда да жақсарған. 2023 жылы Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен ХІХ жазғы Азия ойындарында Түркістан облысының 27 спортшысы спорттың 13 түрінен сынға түсіп, 2 күміс және 2 қола медаль жеңіп алған еді.
Атап айтқанда, байдарка мен каноэде есуден Ольга Шмелёва мен Ульяна Кисилёва күміс жүлдеге ие болса, бокстан Сағындық Тоғамбай мен каратэші Әсел Қанай қола медаль еншілеген.
Биыл өңір атынан Азия ойындарына қатысқан спортшылар саны 27-ден 35-ке дейін артты. Ал жүлде саны 4-тен 7-ге көбейді. Бұл Түркістан облысы спортшыларының халықаралық деңгейдегі нәтижесінің жақсарғанын көрсетеді.


