Астанада Доңға кен орнына қатысты ұзақ жылдар бойы жалғасқан даулы мәселелерді реттеуге бағытталған келісімге қол қойылды. Құжат Өнімді бөлу туралы келісім аясындағы тараптардың өзара талаптарын реттеуге мүмкіндік береді.
Келісімге Қазақстанның Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов пен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Руслан Балықбаев қол қойды. Рәсімге «PSA» ЖШС мен кен орнын игеріп отырған Dunga Operating GmbH өкілдері де қатысты.
Енді құжат жобаның шетелдік серіктестері Oman Oil Company Limited және PTTEP Corporation компанияларына қол қою үшін жіберіледі.
Келісімнің негізгі мақсаты – мердігердің бұрыннан қалыптасқан жекелеген шығындарын өтеуге байланысты дауды тоқтату. Тараптардың уағдаластығы Қазақстанға қаржылық өтемақы төленуін және Доңға кен орнын одан әрі дамытуға инвестиция салуды жалғастыруды қарастырады.
Қол жеткізілген шешім кен орнын 2026–2039 жылдары игерудің жаңа жоспарын жүзеге асыруға жол ашады. Осы кезеңде шамамен 67,4 млн баррель мұнай өндіру жоспарланған. Жоба аясында өндірістік жұмыстарға қажетті капиталдық және операциялық инвестициялар да тартылмақ.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Доңға кен орнының Қазақстанның энергетикалық жүйесі үшін маңызын атап өтті. Оның айтуынша, даулы мәселелердің келіссөз арқылы шешілуі ұзаққа созылатын сот процестерін болдырмай, мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғауға мүмкіндік береді.
Жаңа келісім инвестициялық жобаның келесі кезеңін бастауға негіз қалыптастырып отыр. Сонымен қатар Қазақстанның халықаралық инвесторлармен тұрақты әрі ашық ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін көрсетеді.
Доңға жобасына қатысушы халықаралық серіктестердің Қазақстанда 1994 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқаны атап өтілді. Тараптар алдағы уақытта ұлттық мүдделер мен инвесторлардың құқықтарын ескере отырып, өзара тиімді шешімдер қабылдауға бағытталған диалогты жалғастырмақ.


