Түркістан облысы Қазығұрт ауданында нөсер жаңбыр салдарынан бірқатар аумақта су жиналды. Қалыптасқан жағдайға байланысты аудан аумағында су сору және тазалау жұмыстары ұйымдастырылды.
Оқиға орнына барған Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов су жиналған аулалар мен тұрғын үйлерді аралап, жергілікті тұрғындармен кездесті. Ол жауын-шашыннан кейінгі жағдайды көзбен көріп, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын тексерді.
Жауын-шашын салдарын жоюға жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жұмылдырылған. Қазіргі уақытта жұмыстарға 9 арнайы техника және 150-ден астам адам тартылды. Мамандар тұрғын үйлердің аулалары мен көшелеріндегі жиналған суды шығарып, аумақтарды тазалап жатыр.
Зұлпыхар Жолдасов жауапты сала мамандарына су басқан аумақтарды қалпына келтіру жұмыстарын жедел жүргізуді және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ жағдайды тұрақты бақылауда ұстап, қажетті жағдайда қосымша күш пен техниканы тарту қажеттігін атап өтті.
Қазіргі таңда Қазығұрт ауданындағы ахуал тұрақты. Алдын ала мәлімет бойынша, адам шығыны мен тұрғын үйлердің қирауы тіркелген жоқ. Тиісті қызметтер жағдайды бақылауды жалғастырып, жауын-шашын салдарын жою жұмыстарын жүргізіп жатыр.


