Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Үкімет Қазақстан бойынша көлік инфрақұрылымын жаңғырту және теміржол вокзалдарын жаңарту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруда.
Осы жұмыстар аясында Түркістан облысындағы «Түлкібас» теміржол вокзалы толық жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Түлкібас ауданындағы Түлкібас кентінде орналасқан жаңа нысанның ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, вокзалдың құрылыс жұмыстарымен және нысанның материалдық-техникалық базасымен танысты. Салтанатты жиында облыс әкімі жиналғандарды жаңа вокзал ғимаратының ашылуымен құттықтап, нысанның маңыздылығына тоқталды.
Одан кейін салтанатты түрде лента қию рәсімі өтіп, жаңа вокзал ғимараты ресми түрде ашылды. Облыс әкімі қонақтармен бірге вокзалдың ішін аралап, жолаушыларға көрсетілетін қызмет түрлерімен танысты.
Нысан заманауи талаптарға сай жабдықталып, тәулігіне 186 жолаушыға сервистік қызмет көрсетуге қауқарлы. Вокзал кешені жолаушыларға қажетті қызметтердің толық циклін қамтиды. Жаңа ғимаратта 90 орындық кең күту залы, билет кассасы, анықтама бюросы және асхана қарастырылған. Ана мен бала бөлмесі және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы бөлме де бар. Сондай-ақ, медициналық пункт, оқшаулау бөлмесі, көліктегі полиция бөлімінің қызметтік кабинеті және барлық қажетті санитарлық-тұрмыстық жағдайлар жасақталған. Нысан заманауи лифтпен жабдықталып, ерекше қажеттілігі бар азаматтардың кедергісіз қатынауына толық мүмкіндік жасалған. Одан бөлек, жолаушыларға арналған ұзындығы 540 метрлік перрон жаңартылды. Аумақ толық абаттандырылып, көгалдандырылды. Вокзал аумағына бейнебақылау камералары мен дауыс зорайтқыш жүйелері орнатылды. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер көпірі жаңғыртылды. 10-ға жуық жаңа жұмыс орны құрылды.
Түлкібас теміржол вокзалы – өңірдің жолаушылар тасымалы мен көлік-логистикалық жүйесінде маңызды орын алатын нысандардың бірі. Теміржол бекеті елді мекен тұрғындарымен қатар ауданға келетін және ауданнан шығатын жолаушылар үшін қатынас қолжетімділігін қамтамасыз етуде стратегиялық маңызға ие.


