Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид шағын құрамда келіссөз жүргізді. Кездесуде екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері қаралды.
Кездесу барысында Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саид Қазақстан мен Оман арасындағы байланыстардың соңғы отыз жылдан астам уақытта айтарлықтай нығайғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі келіссөздер қол жеткізілген уағдаластықтарды бекітіп, екіжақты қатынастарды жаңа кезеңге шығаруға мүмкіндік береді.
– Кейінгі отыз жылдан аса уақыт ішінде қарым-қатынасымыз айтарлықтай ілгерілеп, нығая түсті. Бүгінгі кездесуіміз қол жеткізілген нәтижелерді бекемдеп, екіжақты байланыстарды жаңа деңгейге көтереді. Сапар аясында өзара түсіністік жөніндегі бірқатар келісім мен меморандумға қол қоямыз, – деді Хайсам бен Тариқ Әл Саид.
Оман Сұлтаны алдағы уақытта екі ел арасындағы экономикалық және саяси байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға ниетті екенін жеткізді.
– Сіздің қолдауыңызбен экономика, саяси және мәдени-гуманитарлық салаларда берік байланыс орнатамыз деп сенемін. Біз екі ел арасындағы барыс-келістің артуына мүдделіміз, – деді ол.
Хайсам бен Тариқ Әл Саид Қазақстанға жасалған мемлекеттік сапар аясында көрсетілген құрмет пен қонақжайлық үшін Мемлекет басшысына алғысын білдірді.
– Президент мырза, жылы қарсы алғаныңыз үшін тағы да алғыс айтамын. Өзіңізбен жақын арада Маскат қаласында жүздесеміз деп ойлаймын, – деді Оман Сұлтаны.
Келіссөздер Қазақстан мен Оман арасындағы өзара тиімді серіктестікті одан әрі нығайтуға бағытталған жаңа келісімдер мен бірлескен жобаларды талқылауға мүмкіндік берді.


