Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовты қабылдады. Кездесу барысында елдегі криминогендік ахуал, қоғамдық қауіпсіздік және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды.
Ержан Сәденов Президентке биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша Қазақстанда қылмыс деңгейі 15 пайызға төмендегенін баяндады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тіркелген қылмыс саны 11 мыңнан астамға азайған.
Министрдің мәліметінше, қылмыстың аса ауыр түрлері, сондай-ақ қоғамдық орындар мен көшелерде, отбасылық-тұрмыстық салада жасалатын құқық бұзушылықтар азайған. Сонымен қатар кәмелетке толмағандар мен бұрын сотталған адамдар арасындағы қылмыс деңгейінің төмендегені айтылды.
Сондай-ақ заманауи криминалистикалық құралдарды қолдану арқылы бұрын жасалған қылмыстардың ашылып жатқаны баяндалды. Атап айтқанда, ДНҚ зерттеулерінің көмегімен көп жыл бұрын болған қылмыстарға қатысы бар адамдарды анықтауға мүмкіндік артқан.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде азаматтардың да белсенділігі артып келеді. Жыл басынан бері тұрғындар, волонтерлер мен қоғамдық көмекшілер ұсынған ақпарат негізінде 12 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 357 қылмыс ашылған.
Халықаралық ынтымақтастықтың нәтижесінде іздеуде жүрген 1039 адам анықталған. Оның ішінде шетелде бой тасалап жүрген 154 адам ұсталған. Сонымен қатар шет мемлекеттердің сұрауы бойынша Қазақстан аумағында 537 қылмыскер қолға түскен.
Кездесуде қылмыстық істер бойынша келтірілген залалды өтеу мәселесіне де тоқталды. Ішкі істер министрлігі тергеп жатқан істер бойынша жыл басынан бері мемлекетке және жәбірленушілерге 49 миллиард теңге қайтарылған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22,5 пайызға көп.
Интернет-алаяқтықпен күрес бойынша да бірқатар нәтиже бар. Алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға 6,5 миллиард теңгеден астам қаражат қайтарылған. Интернет-алаяқтық фактілерінің саны 21 пайызға азайған. Құқық қорғау органдары 8,7 мың алаяқтық және фишингтік сайтты, сондай-ақ 187 миллион алаяқтық қоңырауды бұғаттаған.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде цифрлық технологиялар да кеңінен қолданылып жатыр. Бейнебақылау жүйелерінің көмегімен 2,2 мыңнан астам адам анықталып, ұсталған.
Жол қауіпсіздігін арттыру үшін де цифрлық шешімдер енгізілуде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жол-көлік оқиғаларының саны 5 пайызға, қаза тапқандар саны 16 пайызға, жарақат алғандар саны 7 пайызға төмендеген.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді.


