Шымкентте «Тең мүмкіндіктер» атты инклюзивті спорт фестивалі өтеді. Биыл бесінші рет ұйымдастырылатын шараның күні белгілі болды. Фестивальді «Әділет» партиясының жанындағы Әйелдер қанаты мен қалалық басқармалар бірлесіп өткізеді. Жарысқа ерекше қажеттілігі бар балалар қатысады. Спорттың бірнеше түрінен сайысқа түседі.
Екі кезеңнен тұратын жарыстарға қала мектептерінің 3-8 сынып оқушылары қатысады. Жас спортшылар бочча, «Көңілді старт» және жеңіл атлетикадан бақ сынайды. Қазақстанда бочча федерациясының құрылғанына небәрі екі жыл болған. Соған қарамастан, отандық боччистер халықаралық және әлемдік жарыстарда жүлделі орын алып үлгерді. Спорттың осы түріне қызығушылық танытқан балалар үшін мүмкіндік көп. Федерация өкілдерінің айтуынша, боччамен айналысқысы келетіндерге есік ашық.
БИБІГҮЛ БАЛТАБАЙҚЫЗЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ БОЧЧА ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ
Бізде бочча федерациясында 40-тан астам спортсмен бар. Олар кәсіби түрде айналысады. Қала бойынша боччаға деген қызығушылық өте жоғары. Біз былтыр көптеген семинарлар, дөңгелек үстелдер өткіздік. Әсіресе орта мектеп оқушыларының арасында боччаға деген қызығушылық өте көп. Кейбір мектептер бочча спортын дене шынықтырудың бір пәні ретінде де қолдануға қазір стартаптар жүріп жатыр.
Фестивальдің негізгі мақсаты – ерекше қажеттілігі бар балаларға тең мүмкіндік беріп, олардың спортқа деген қызығушылығын арттыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар балалардың өзіне деген сенімін нығайтып, өмірге деген құлшынысын арттырады.
ЕРБОЛ БАЙҚОНЫСОВ «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒА ОРЫНБАСАРЫ
Қазан айының жетісі күні Тең мүмкіндіктер фестивалі өтеді. Яғни, бүгін білім басқармасы, спорт басқармасы, балаларын құқығын қорғау басқармасы және тиісті құзырлы органдар келіп отыр. Яғни, біз қауіпсіздігін қамтамасыз етуіміз қажет. 150-ге жуық азаматтар қазір жазылып жатыр. Ол жерде 1 командада 3 адамнан ойнайтындар бар. Біреуі мүмкіндігі шектеулі бала болатын болса, екеуі сау балалар болуы тиіс.
Жарыс қатысушылары өздері оқитын мектебі арқылы қабылданады. Сонымен қатар, фестивальге жеке, өз бетінше қатысқысы келетіндер де тіркеле алады. Шараға қатысу үшін ешқандай ақы төленбейді.

