«Журналиссимус Байдулла Қонысбек». Мұхтар Әуезов атындағы ОҚ зерттеу университетінде журналистік-танымдық конференция өтті.
Қазақ журналистикасына, қазақ баспасөзіне еңбегі сіңген азамат, Қазақстанның құрметті журналисі, бүгінде «Оңтүстік» деп айдар таққан өңір телеарнасының негізін қалаушы Байдулла Қонысбектің есімі республика көрермені мен оқырманына танымал. Саланың талай дарынды азаматтарын тәрбиелеген, бағыт-бағдар берген қоғам қайраткері арамызда болғанда 85 жасқа толар еді. Осыған орай, жыл басынан бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Жақында ғана ол туралы жинақ жарық көрсе, бүгін конференция өтіп, телестудия жаңғыртылып жатыр.
ҒАЛЫМЖАН ЕЛШІБАЙ — «Медиакратия» ҚБ басшысы, ҚР Журналистер Академиясының академигі
Оңтүстік журналистерінің «Төбе биі» деп белгілі классик жазушы Мархабат Байғұт айқындап берген Байдулла Қонысбектің биыл туғанына 85 жыл толуына байланысты әртүрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Бұл – өткен мен бүгінді жалғастырып отырған алтын көпір. Кешегі буын мен бүгінгі аға буынның арасындағы сабақтасқан сәтті қадам болып отыр. Алдағы уақытта да Байдулла Қонысбекке қатысты іс-шаралар жалғасын таба береді.
«Журналиссимус Байдулла Қонысбек» атты журналистік-танымдық конференцияға ағаның үзеңгілес, көзін көрген әріптестері, ізін басқан шәкірттері жиналды. Оның публицистикадағы өшпес қолтаңбасы мен журналистік мектебі туралы естелік айтты. Мұның бәрі Байдулла Қонысбектің елге қызмет етуден аянбаған, жақсы адам болғанын аңғартады, дейді ұлы.
НҰРЖАН ҚОНЫСБЕК – БАЙДУЛЛА ҚОНЫСБЕКТІҢ ҰЛЫ
Кәсіби мансабында тік мінезді, айтқан сөзіне, берген уәдесіне өте берік болды. Уәде берді ме, ол кісі міндетті түрде орындайтын. Еш нәрсеге қарамай, студенттерге үлгі болды. Әкемнің тіл байлығы өте мықты еді. Сөйлеген кезде залда қанша мың адам болса да, бәрі тыңдап отыратын.
Аты аңызға айналған азаматтың есімі берілген телестудияда ОҚ зерттеу университетінде жоғары білім алып жатқан болашақ журналистер тәжірибе жинақтайды. Жастар үшін бұл — мықты серпін әрі кәсіби бағдар болмақ.

